Коронавирустан қайтыс болған өскемендік әйелдің жүрегі 2 рет тоқтап қалған

319
көрілім

Өскеменде коронавирус жұқтырған азаматшаның жүрегін дәрігерлер 2 рет қайта соқтырғанымен, үшіншісінде қайтыс болды. Бұл туралы бүгін «Хабар 24» телеарнасынан Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

- Бүгін Шығыс Қазақстан облысында коронавирус індетінен бір адам көз жұмды. Өкінішке қарай, бұл жағдай Өскемен қаласында тіркелді. Ол 1979 жылы дүниеге келген әйел. 12 сәуір күні жедел жәрдем бригадасымен арнайы провизорлық стационарға жеткізілген. Ол жерде арнайы ПТР-диагностикасы өткізіліп, вирустық індет расталды. Науқас түскен кезде жағдайы ауыр болды. Диагноз расталғаннан кейін азаматша арнайы инфекциялық боксқа, қарқынды емдеу палатасына ауыстырылды. Түскен кездегі жағдайы өте ауыр, - деді ол.

Оның дерегінше, науқас екіжақты пневмония, сол жақты плеврит, жіті респираторлық дистресс-синдром, сонымен қатар ауыр алкогольдік интоксикация диагнозымен түскен.

- Науқастың өмірін сақтау үшін барлық дәрігер-реаниматологтар өздерінің құрал-жабдықтарымен, керекті аппараттарымен көмек көрсетті. Азаматша өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған болатын. Түні бойы екі мәрте жүрегі тоқтаған. Реанимациялық іс-шаралардың нәтижесі оң болды. Үшінші мәрте жүрегі тоқтаған кезде реанимациялық әрекеттер нәтиже бермеді. Жүрек қызметін қайтадан қалпына келтіру үшін әріптестеріміз барлық күш-жігерін салды. Бірақ, өкінішке қарай, ол өмірден өтті. Науқастың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз, - деді басқарма басшысы.

Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, қайтыс болған әйелмен байланыста болған 13 адам анықталып, оқшауландырылды. Анализдер алынды.

- Қазіргі таңда кеңейтілген эпидемиологиялық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Тұрғылықты жері мен ошақтар толықтай залалсыздандырылды, - деді ол.