Кубадағы әзірлік қызып тұр

1734
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Қазір бокстан Ұлттық құрама мүшелері Кубаның астанасы Гаванада жергілікті «қара маржандармен» бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу. Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев дайындықты мұхиттың арғы бетінде өткізудің бірден-бір дұрыс шешім екендігін жасырмады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлттық олимпиадалық комитетке берген сұхбатында, жаттығу қарқыны мен спортшылар алдына қойылған жоспармен бөлісті.
– Халықаралық күнтізбе бойынша қаңтар айында қандай да бір ресми жарыс жоқ. Сол себепті, бірлескен жаттығу жиынын өткізу үшін команданың екі құрамын Кубаға алып келдік. Негізінен ірі турнирлердің барлығы да ақпан-наурыз айларында басталады. Сондықтан Кубаға келгеніміз өте дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Карантин бұл жақта да екпінін еңкейте қоймағанымен бізді жақсы қарсы алды. Біз екі құраммен барсақ, кубалықтар үш құрам шығарды. Жиын екі жақ үшін де тиімді екенін айту керек. Залда, көшеде, жағажайда дайындалып, спаррингтік жекпе-жектер өткіздік. Алда әлі екі матчтық кездесуіміз бар. Боксшылар қаланы аралап, экскурсия жасап та үлгерді. Осы орайда, жаттығу жиынын ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін, – деді бас бапкер.
Былғары қолғап шеберлері табиғат аясында әзірлік жүргізген сәтте кубалық боксшылармен шағын футболдан да өзара кім мықтыны анықтап, әзірлік әр тарапты жүргізді. Жартылай ауыр және ауыр салмақтағы боксшылар төрт дүркін Әлем чемпионы Хулио Сезар де Ла Крузбен спарринг өткізсе, жеңіл салмақтағы спортшылар тәжірибелі Йосбани Вейтиямен шеберлік байқасты. 75 келіге дейінгі дәреже Әбілхан Аманқұл, Нұрқанат Райыс және семейлік Ермахан Жақпековтер жойқын жұдырық иесі, Олимпиада чемпионы Арлен Лопес және тағы басқа боксшылармен тәжірибе алмасуда.  
Бірлескен оқу-жаттығу жиыны барысында қазақстандық бапкерлер шәкірттерімен жекелей дайындық жүргізіп тұруды да ұмытпаған.