Күршім ауданы Күршім ауылының тұрғындары пошташының сылбыр жұмысына шағымдануда

3613
көрілім
Шартты фотосурет

Түрі мен түсін айтпаса да бұл адам бәріне таныс. Иә, көп жағдайда оларға арнайы киім мен велосипед бөлінбесе де, әр елді мекенде өз міндеттерін шама-шарқыларынша орындап келеді. Кейбірі үшін қанатымен жаздың жылылығын әкелетін дәл бір жыл құсы іспетті, қуаныш пен сүйінші, жақсылық пен жаңалық әкеледі. Әлбетте, жыл құсы жылында бір рет келсе, бұлар апта сайын келіп, сырттағы дарбаза мен есігіңді қағады. Жай қақпайды, осынау жатқан кең дүниенің бір өңірінде сенің де бар екеніңді, бір ғана емес, шартараппен байланысып жатқан жан екеніңді әйгілегендей болады. Мұндай сипаттау тек пошташыларға ғана тән болса, олардың кейбірі қандай да бір себеппен жұмыстарына атүсті қарайтын секілді.

Кемшілік – апталап кешігуінде

Бұлай деуімізге Күршім ауданы Күршім ауылының тұрғындарынан келіп түскен өтініш-шағымдар түрткі болды. Тұрғындар аптаның әр демалысына қарай келуі тиіс газет-журналдар не қашаға ілінбей, не көпқабатты үй тұрғындарына жеткізілмей жүргенін жеткізді.

– Жарты, кейде тұтас бір жылға бір-ақ жазылатын кездер болады. Солай еткен соң межелі уақытында әкеліп қалар деп есік сыртына да жиі көз тастаймыз. Аудан орталығындағы пошта бөліміне барып едік, ондағылар «білмейміз» деп жағдайдан бейхабар екендіктерін айтты. Сонда ағаттық қай жерден кетті? Үш-төрт күнге кешіксе уақа емес, апталап келмей қалса ескірген жаңалық естиміз ғой, – дейді Тоқаев көшесі, 29 мекенжайының тұрғыны Сәуле Кемешова (аты-жөні өзгертілген).

Бір өзі емес, мерзімді басылымға мезгілінде қол жеткізе алмай жүрген оқырмандар атынан осылай деген Сәуле Мұратқазықызы осы уақытқа дейін Күршім ауылы бойынша үш-төрт пошташы болғандығын алға тартты. Демек кемі сенбі-жексенбі күндері жеткізіп тастаулары тиіс-тін.

Сылбырлық себебі – сырқаттанудан

Ал аудан әкімдігіндегілер мұндай жайттың анық-қанығына көз жүгіртпес үшін жұмыс барысына толығырақ тоқталды. Айтуларынша, Күршім ауылы алты учаскеге бөлінген, қазіргі уақытта таралымдардың азаюына байланысты штаттық кестеге сәйкес бес пошташы болуы керек. Бұл жауапта «болуы керек» деген тіркестің өзі белгілі бір мөлшерде нақтылықтан едәуір алшақтатып жібереді.

– Наурыз айынан бастап екі пошта таратушының жұмыстан шығуына байланысты қазір үш адам қалды. Пошташының орны бос болуына байланысты аудандық жұмыспен қамту бөліміне бірнеше рет жұмыссыздарды жіберу туралы тапсырыс беріліп, инстаграм желісіне хабарландыру жазылған болатын. Алайда жолдамамен жіберілген сегіз адамның ешбірі бұл жұмысқа келіспеді, – деді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқов.

Оқырмандар ақпан айынан бері газет редакциясына жиі қоңырау шалып, пошташылардың төбе көрсетпей кеткендігіне шағымданған еді. Аудан басшылығы мұның себебін сырқаттану жағдайымен байланыстырды. Одан бөлек, жұмыс барысын едәуір жеңілдету үшін пошта жәшіктерінің орналастырылмауы да біршама қолайсыздық тудыратын көрінеді. Сонда аудан әкімдігі қай мекенжайды меңзеді.

– Алтыншы учаскеде пошташының ауырып қалуына байланысты қосымша мамандар жұмылдырылғанымен сәуір айында бір-екі күн кешіктіру болды. Ал Тоқаев көшесі, 29 көпқабатты үйінде 12 пәтер иесі мерзімді басылымға жазылмаған. Соның ішінде тек біреуінде ғана пошта жөнелтілімдерін салатын жәшік орнатылған, қалғандарына пәтер есігінің сыртына қойылады, – делінген жауапта.

Жәшік орнатса жөн еді

Жауапты тұлғалар алдағы уақытта газет-журналдарға жазылғандар пәтер немесе үй ауласына пошта жөнелтілімдерін салу үшін арнайы жәшік орнатып қоюларын құлаққабыс етті. Солай етсе қос тарапқа да қолайлы болатын еді дейді. Сонымен қатар аталған жұмысқа келушілер қатары да тым сиреп кеткендігін мәлімдеді. Қазіргі уақытта бос жұмыс орындары туралы хабарлама ауданның барлық әлеуметтік желілерінде орналастырыған көрінеді.

Бәлкім, аудан орталығындағы пошта бөліміндегілер халықтың көзі, құлағы, һәм тіліне айналған басылымдардың діттеген жеріне уақтылы жетуі үшін бар мүмкіндікті қарастырған да болар. Дегенмен жұмыс кестесі барлығының дерлік көңілінен шықпаған сыңайлы.

– Жұмыссыздық тізімінде тұрғандар пошта байланыс торабына жұмысқа жіберілгенімен, екі-төрт күн істеп, шығып кетеді. Себебі бекітілген штаттық кестеге сәйкес айлық жалақы 50 мың теңге, жұмыс ауыр, – деді аудан басшылығындағылар.

Әділхан ЕСІМХАНОВ