Күршім өңірін әлемдегі ең жүйрік аң — гепард мекендегенін білесіз бе?

890
көрілім

Осыдан мыңдаған жылдар бұрын Шығыс Қазақстан аумағы қысы-жазы тропиктік бір температурасы сақталып тұратын жерұйық мекен болғанын білесіз бе? Ежелгі адамдардың қонысымен қатар біздің өңірде жан-жануардың бүгінде құртылып кеткен неше түрі өмір сүрген. Бұған біреу иланса, енді біреу сенімсіздік танытары анық. Десек те, мұның куәсі біздің дәуірімізге жеткен тастағы таңбалар. Соның бірі Күршім ауданына қарасты Қайнар (бұрынғы Сергеевка) ауылының маңындағы таңбалы тастар осы аумақта әлемдегі ең жүйрік жануар — гепардтың мекендегенін айғақтайды.

Бұл жөнінде газет тілшісіне белгілі өлкетанушы ғалым Борис Щербаков айтып берді.

- Адамзат әлемдегі ең жыртқыш жаратылыс, - дейді ғалым. - Сіз білесіз бе, осыған дейін жер жүзінде өмір сүрген, ал бүгінде көзі жойылып кеткен құрлық пен мұхиттағы жан-жануар мен балықты адамның аулап құртқанын. Ежелгі заманда біздің өңірде әлемдегі ең жүйрік жануар гепард, тұран жолбарысы, қос өркешті жабайы бактриан түйесі, одан қалса жарты ғасыр бұрын ғана Алтай аумағынан көзі кеткен Пржевальский жылқылары өмір сүрген. Бүгінде бұлардың бірі де жоқ. Барлығын адам аулап құртқан!

Өлкетанушы маманның айтуынша, гепард туралы қызықты деректер біздің дәуірімізге тастағы таңбалар арқылы ғана жеткен екен.

- Нарын жоталарының Күршім ауданындағы аяқталар тұсында Қайнар ауылына жетер-жетпесте қызықты деректің үстінен дөп түскенім бар, - деп ол сөзін жалғады. - Нарын жоталарының Катонқарағайдағы Бүркітауылдан бастау алатын қарлы шыңдары біртіндеп аласарып, аталған ауылдың маңында аяқтала бастайды. Сол аласа жоталардың арасынан джек құсының ұясын іздеп жүріп ежелгі адамдардың тасқа салған таңбаларын байқап қалдым. Тастағы петроглифтердің арасынан мүйізді таутекелер анық көрінгенімен, тағы бір жануар мен үшін түсініксіз әрі ерекше болып көрінді. Анықтап қарасам, құйрығы ұзын, жоны биік кәдімгі гепард екен. Сонау тас дәуірінде, мүмкін тіптен ертеректе Шығыс Қазақстан жерін бүгінде тек Африка құрлығы мен Таяу Шығыста ғана кездесетін экзотикалық жануардың мекендегіні мен үшін ерекше жаңалық болды.

Тастағы таңбаны фотосуретке түсіріп алған Борис Васильевич оны көпшілік қар барысына ұқсататынын айтады. Тастағы таңбада жануардың ұзын құйрығы мен сирақтары, тұрған тұрысының қар барысынан гөрі ашық алқапта тез жүгіруге машықтанған гепардқа көбірек ұқсайтыны анық, - дейді ол.

- Әрине палеонтолог емеспін. Бірақ тас бетіне ерекше сиямен сурет салған шебер суретшінің туындысы осыдан мыңдаған жылдар бұрын табиғаты жайлы, сүтқоректілері көп Шығыс өлкесін мекендегенін дәлелдейді. Бүгінде климаты қытымыр, алты ай қысы бар Алтай өңірінде осындай ерекше аңның өмір сүргеніне таң қаламын, - деп сөзін тәмамдады Борис Щербаков.

 

***

 

"Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін" түйсек, бүгінде климаты өзгеріп, қара суығы қатаңдаған Шығысқа гепардты қайтару мүмкін болмаса да осы уақытқа дейін елімізді мекендеген тұран жолбарысы мен керқұланды қайтадан жерсіндіру мүмкіндігі әлі де жоқ емес. Бірқатар мәліметтерге сүйенсек, аталмыш жануарларды Қазақстанға қайтару мәселесі соңғы кездері жиі көтеріліп те жүр. Мысалы тұран жолбарысын қайтадан жерсіндіру мәселесін көтеріп жүрген ғалым Бақытжан Әділов елімізге тайгадан уссурий жолбарысын әкеліп, жергілікті жерге бейімдеу арқылы арнайы питомникте тұран жолбарысын «тірілтуге» болатынын дәлелдеп жүргеніне бірнеше жыл болды. Сондай-ақ облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сенсек, Шығыс Қазақстанда 2014-2016 жылдары Пржевальский жылқысын өсіру жөнінде жоба қарастырылған екен. Бұл жобаның жетекшісі тарихшы, этнолог, тарих ғылымдарының докторы, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкері Ахмет Тоқтабай болды. Жобаның жалпы құны 10 миллион теңгеге межеленген. Дегенмен бұл жоба бүгінгі таңда толықтай қолға алынбай отыр.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

 

Гепард - мысық тұқымдастар отрядына жататын жыртқыш сүтқоректі. Көбіне Африка құрлығы мен Таяу Шығысты мекендейді. Гепард Acinonyx тұқымының жалғыз сақталып қалған өкілі. Сүтқоректі жануарлар арасындағы ең жылдамы: ол 3 секунд ішінде сағатына 110 шақырымға дейінгі жылдамдықты алуы мүмкін. Дене тұрқы басқа мысық тұқымдастарға қарағанда өзгеше болып келетін жануардың басы кішкене, көздері биік орналасқан, ал құлақтары кішкентай келеді. Яғни оның денесі аэродинамикалық жағынан жақсы жетілгендіктен қатты жылдамдықта жүгіріп, жемін аулауына көп көмегін тигізеді. Терісінің түсі сарғыш теңбілді болып келетін ересек жануардың салмағы 40-тан 65 келіге дейін, ал тұрқы 115-тен 140 сантиметрге дейін болады. Тұрып тұрғандағы бойының биіктігі 75-тен 90 сантиметрге дейін.

 

Керқұлан, Пржевальский жылқысы – тақтұяқты сүтқоректілердің жылқылар тұқымдасына жататын жабайы жылқы түрі. Денесінің ұзындығы 230 сантиметр, шоқтығына дейін бойының биіктігі – 130 сантиметр, салмағы 300 келідей. Биелері айғырларынан кіші. Денесін бозғылт қызыл сары түк басқан, жон арқасында созылған жіңішке түкті белдік тәрізді қарақошқыл жолағы болады. Керқұланды 1878 жылы Орталық Азияға жасаған саяхаты кезінде Николай Пржевальский Қытайдағы Жоңғарияның шөлді аймағынан кездестіріп, терісі мен бас сүйегін Ресейге алып келген. Оны зерттеген орыс ғалымдары мұның жабайы жылқының жеке түрі екенін анықтап, Пржевальскийдің құрметіне Пржевальский жылқысы деп атаған. Табиғатынан қағылез сақ жануар ХІХ-шы ғасырға дейін Қазақстанның Шығысы, Қытай мен Монғолияның батыс аймағында кеңінен таралған болатын.

 

Бактриан түйесі – түйе туысына жататын сүтқоректі. Дене ұзындығы 250-360 сантиметр, биіктігі 180-210 сантиметр. Жабайы айыр өркешті түйе Николай Пржевальский (1877 жылы) ашқан түйе түрі бүгінгі таңда Монғолияның шөл даласында ғана кездеседі. Қазақстанда 18 ғасырға дейін жойылмай ұсақ үйір құрып тіршілік еткен. Сирек кездесетін жануар саны 400-600-ден аспайды. Жабайы айыр өркешті түйе қолдағылардан айырмашылығы, өркештері кішіректеу және аяқтары ұзын болып келеді.

 

Тұран жолбарысы – тұқымы бүгінде Орта Азия мен Қазақстанда мүлдем құрып біткен жолбарыс түрі. 1950-ші жылдардың соңында бірде-бір тұқымы қалмаған тұран жолбарысы 1960 жылдары xалықаралық Қызыл кітапқа енгізілмей қалған. Қазақстан жерінде жолбарыстардың көбірек мекендеген жері – Сырдария өзені мен Арал теңізінің бойы, Балқаш көлі мен Іле өзені аумағы болған. Шу өзені бойында 1912 жылы екі жолбарыс өлтірілген. Сырдарияның соңғы жолбарысының бірі 1925 жылы Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің маңында, ал енді бірі 1933 жылы Қазалы маңында атып алынған. Дегенмен Шу жолбарысын 1940 жылға дейін көргендер болса, Сырдария бойындағы ну жыныста тұран жолбарысы 1945 жылға дейін де ұшырасып отырған. Ғалымдардың зерттеуінше, тұран жолбарысының салмағы 170 пен 240 келі аралығында, ұзындығы 2,70-2,90 метр болған. Салмағы жөнінен уссурий жолбарысынан зор тұран жолбарысы одан гөрі әлді болған. Керуенге кенеттен шабуыл жасаған тұран жолбарысының атан түйені ұрып жығып, қамыс арасымен 100 метрге дейін сүйреп барғаны туралы оқиға хатқа түскен. Биологтардың мәліметінше, 1900 жылы тұран жолбарысының жортуылдайтын аумағы батыста Қара теңізге, шығыста Алтай тауларына дейін созылған.

Тұран жолбарысы еліміздің балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сапарғали Бегалиннің «Алданған жолбарыс» әңгімесіне де арқау болған.

 

 

Қайнар ауылының маңындағы петроглифтердегі гепард суреті. Борис Щербаковтың жеке мұрағатынан