Күршімдіктер Қалғұты ауылдық округіндегі каналдың тазарғанына дән риза

679
көрілім

Редакциямызға хабарласатын оқырмандарымыздың әкімдікті тек сынап қана қоймай, мақтайтын сәттері де болады. Жуықта Ақши ауылының тұрғындары Қалғұты өзенінен келетін каналдың тазаланғандығын айтып, аудан әкімі Дулат Қажановқа ризашылықтарын білдірді.

Газеттің алдағы санын әзірлеп, мәре-сәре болып жатқанымызда телефон шыр ете түсті. Тұтқаны көтергенімізде амандық-саулық сұрасқан ер адам Күршім ауданынан хабарласып тұрғандығын айтты. «Тағы бір сыни мақала шығып қалу керек» деп іштей топшыладық. Алайда оқырман бұл жолы әкімдікке даттау емес мақтау айтпақ екен.

– Ақши ауылындағы Қалғұты өзенінен келетін каналдың тазаланбай келгендігіне ширек ғасыр болған, – дейді ол, – Аудан әкімі Дулат Қажановқа осы мәселені айтып едік, сөзімізге бірден құлақ асты. Экскаватор жіберіп, каналды тазарттырып берді. Бұған ауыл тұрғындары қатты риза. Дулат Зайсанбекұлына газет арқылы алғыс білдіреміз!

Расында да бұл каналдың соңғы рет тазаланғанына 25 жыл өткен. Жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайды.

– Күршім ауданы Қалғұты ауылдық округіне қарасты Қаратоғам каналы Ақши фермасын, «Қалғұты» кеңшарының және «Майемер», «Жанбай» учаскелеріндегі шабындық жерлерді суару үшін 1958 жылы салынған. Қазіргі күні канал арқылы Ақши елді мекенінің тұрғындары жазда бау-бақша өсіру маусымында және канал бойындағы «Правление», «Аққұдық», «Ақферма», «Арғымақ», «Дөнбен», «Ашутас» учаскелерінде орналасқан шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз етеді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.

Біздің анықтама

Бүгінгі таңда Ақши ауылында 264 адам тұрады. Елді мекенде ірілі-ұсақты 13 шаруа қожалығы тіркелген. Шаруагерлер мал шаруашылығымен, бау-бақша өсірумен айналысады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ