Марқакөлдің тумасы Ерікжан Уркунев Алматыдан Өскеменге велосипедпен жетті

1047
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Жүріп келем, жүріп келем. Қанша уақытты сарп еткенім белгісіз, бірақ жол әлі алыс. Күн жүремін, бәлкім апта. Құдай қуат берсе, ертелі-кеш ойға алған жеріме ат ізін салып, туған өлкемнің топырағында аунайтыным анық. Менен керегі сол, жақындарым мен жерлестерімнің қолдауын желкен, сағынышын ескек етіп, бағытымнан жаңылмау. Жиі шөлдеймін, аяғым талады. Алыс жолға шығуымның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, тұрғындар үдере көшіп, түтін саны кәдімгідей сиреген Марқакөл аудан мәртебесін қайта алды…

Шөлдегі шым-шытырық жайт

Иә, жерлесіміз Ерікжан Тұрсынханұлы шілде айының 1-і күні Алматыдан Өскеменге бет алғанда әралуан ойдың жетегінде қалып, санасы сан-саққа кеткені рас. Пойыз емес, жеңіл автокөлік емес, ұшқан құстың қанаты талар алысқа велосипедпен шықты. Түс ауа жолға шыққан азамат Марқакөлдің маңындағы Теректі ауылының тумасы. Алматыдан Өскеменге велосипедпен жетуді екі жыл бұрын ойға алған ол әу баста жақындары мен таныстарын сендіре алмағанын айтты. Көбі «қалжыңның да шегі бар ғой» дескен. Бірақ шешім қабылданып қойды. Ендігісі ұзақ жолға қамданып, дайындықты бастау керек.

– Соңғы бір жылда әзірлікті күшейттім. Алдымен ісі мықты велосипед сатып алдым. Оған дейін ден қойып теуіп көрмегем. Негізінен хоккейшімін. Өскемендегі достарымды қуантайын деп Алтайды бетке алуды жөн көрдім. Дайындыққа кіріскенде алдымен 20-30 шақырымнан бастап, кейін 80-90 шақырымға дейін арттырдым, – деді кейіпкеріміз.

Содан қос дөңгелекті көлігіне керек-жарағын тиеп, шілде айының 1-і күні Алматы қаласына қарасты Талғар ауданынан жолға шықты. Күн найза бойы көтерілген кез, шыжып тұр. Ерікжан Тұрсынханұлы алғашқы екі күн едәуір қиынға түскенін айтты. Жел екпіні күшейіп, Талдықорған таулары да кедергі болған. Биікке көтерілгенде еріксіз жаяу жүріске көшеді. Ыстық, жел, одан қалса ылди – кейіпкерімізді тез-ақ шаршатып жіберді. Сарқандқа жеткенше барынша күш үнемдеп, тың қалпын сақтау үшін уақ-уақ тоқтап, ықтасын жерлерде демалып алуды жөн санаған.

– Сарқанд пен Үшаралдың аралығы тәуір. Үшінші күні аптаптың беті қайтып, жүрісім оңалды. Дегенмен Үшаралдан бері машақат қайта басталды. Шөл дала болған соң 90 шақырымдай жерде су ішетін жер жоқ. Тоқтап, тамақтанатып алатын дәмхана да жолықпады. Екі-күш көлікті тоқтатып, су сұрап, бұйырған несібемді талғажау еттім, – деді Ерікжан Уркунев.

Айтпақшы, кейін ойына жиі оралып отырған қызықты жайт осы кезде болды.

– 90 шақырым жүріп, әбден титықтадым. Алдын ала есебім сәйкес ауыл кездесуі керек еді. Бірақ көрінбейді. Алдымдағы бір көлікті тоқтатып, «бауырым, жақын жерде тамақтанатын жер бар ма?» деп сұрап едім, ол «аз қалды, үш шақырым жүрсеңіз ауылға жетесіз» деді. Қуанып, айтқан қашықтықты лезде бағындырдым. Бірақ түк жоқ. Сосын балық сатып отырған қарияны жолықтырдым. Жүзім жадырап, жөн сұрап едім, ол да мен айтқан ауылға жетуге бес-алты шақырым қалды деп ағынан жарылды. Бәлкім, олар көлікпен жүргеннен болар, велосипедшінің есебі сәйкеспеген сияқты. Бұл Үшарал мен Шолпан деген ауылдың арасы. Қысқасы, әлгі жерді таппадым, – деді.

«Қазақтың құрты қуат берді»

Жерлесіміздің жолдағы жан қиналысының бірі еді бұл. Әйтсе де Алматы мен Алтайдың аралығындағы жол сұлбасы, жүріс жоспары айқындалып қалғандай. Екпінін бірден арттырып, бірде бәсеңдетіп Қарақол деген ауылға жетті. Алайда межелі жерге жету үшін әлі шамамен 400 шақырымнан астам қашықтық бар болатын. Оған қоса, ауа райы күрт бұзылып, жел мен жаңбыр желкелеп алды. Алыс жолдың қажыта бастағаны рас. Теректінің тумасы алғашқы үш күн далада қонғанын айтты. Жол жиегіндегі ықтасын жерлер мен дәмханалардың маңын паналады. Жайлы орын іздеп, асықпай аялдап, көз шырымын алуға уақыты болмаған. Тоқтауға қолайлы деп тапқан жерде ас-суын ішіп, велосипедіне отырып кете барды. Ойында сабақталған есеп-қисабы да жолаушыға қамшы басты. Ерікжан Тұрсынханұлының сөзінше, күніне 150 шақырымнан жүріп отырса, діттеген жеріне кешікпей жетеді.

– Алыс жолды бір аптада еңсеру үшін осы бағытымнан жаңылмауға тиіс едім. Бірінші, екінші күндері қатты қиын болғандықтан 120-130 шақырым ғана бағынды. Қалған күндері жетпеген шақырымдардың есесін қайтардым. Жаратқан ие жәрдем болып, ол кезде 160-170 шақырымды шығарып отырдым. Велосипед болған соң жол ұзара түсетін сияқты, – деді жерлесіміз жымиып.

Күніне қанша рет аялдағанын дөп басып айта алмады. Себебі, жол тегістігі мен қолайлы ауа райы тоқтаусыз жүруіне себепші. Айталық, Сарқандтан аса бере 100 шақырымды бар-жоғы үш сағатта бағындырған. Бетінен самал соғып, тақтайдай жолмен алаңсыз есті. Ал мақала басында жазылған Үшарал мен Қарақолдың аралығындағы 90 шақырымды 11 сағат дегенде әзер еңсерді. Әзірлік кезінде 150 шақырым жүріп көрмеді, содан болар жолға шыққанда оны төрт бөліп, артта қалдырған. Екі шаһардың әлі ортасына да жетпеген кезде велосипедін кері бұрып, Алматыға қайтып кетуге бірнеше рет оқталыпты. Телефон қосылып тұрғанда жақындары мен достарына хабарласып, көңілін алдарқатады. Сөйлесіп келе жатып, білінбей бірнеше шақырым бағынады. Жапандағы жалғыз жолаушы ара-тұра қазақ әндері мен күйін қосып, өзіне медет етті.

– 15-20 келі тартатын велосипедке көп зат тией алмайсың. Сол себепті, шалғайға шықпай тұрып алыс жолды бағындырған адамдармен кеңесіп, барлап көрдім. Тамақтанудан бастап, ұйықтау мен тынығудың тәртібін де сұрадым. Өзім құрып, жинайтын шатыр алдым. Ұйықтайтын қап пен суық өткізбейтін төсенішті шағын жүк салғышыма артып, ас-суымды мөлшерлеп салдым. Әл кетіп, әбден шөліркегенде қазақтың құрты кәдімгідей қуат берді. Тез жеп қоймай, ақуызын біртіндеп жұтып отырғанда, бойыңа күш құйылады. Шөлдетпейді де, – деді Ерікжан Уркунев.

Бала күнінен спортқа бейім

Туған өлкесін аңсап, ұзақ жолды артта қалдырған азаматты күтіп алуға сыныптастары келген болатын. Олармен бірге біз де Қасым Қайсенов кентінен аса бере, Өскемен деген алып жазудың алдында тұрдық. Кейіпкерімізбен 11 жыл бірге оқыған Болат Қамбекұлының сөзінше, Ерікжан Тұрсынханұлы оқушы кезінен шайбалы хоккейге бейім өсті. Тіпті сол спорттан облыс чемпионы атанып, футбол мен күресте өзін әбден шынықтырды.

– Мектеп кезінде де алғыр азамат болды. Волейбол, баскетболдан бөлек, шаңғымен жүгіруден жарыстарға қалмай қатысып жүрді. 1993 жылы Теректі орта мектебін бітірген соң Алматыдағы қазақ және туризм академиясын тәмамдап, дене шынықтыру пәні мұғалімі атанды. Марқакөл аудан мәртебесін қайтарды деп арнайы келген сыныптасымыздың алар биігі әлі алда, – деді Болат Қамбекұлы.

1100 шақырымды еңсеруге тісі батып, шешім қабылдаған азамат аман-есен өлкесіне оралуына отбасының қолдауы айрықша болғанын айтты. Жұбайы Қазына Егізбаеваға, тілекші болған төрт баласына, туыс-туғандары мен достарына алғысын жаудырды. Қызығы сол, Ерікжан Тұрсынханұлы қолдау танытпаған адамдарға да дән риза.

– Олардың күмән келтіруі, «жоқ, жете алмайсың» деп кесіп айтқандары мені әбден ширықтырды. Демеу күткен жандар соңғы сәттерде өзгерді. Шыны керек, маған деген сенімсіздіктер алға жетелеп отырды. Спорттың да пайдасы зор. Шайбалы хоккейден әуесқойлар арасында Алматы қаласының чемпионымын, – деді спортшы.

Ерікжан Уркуневтің отбасында үш бала – өзінен бөлек, әпкесі Рената мен Әсел есімді қарындасы бар. Әкесі Тұрсынхан Уркунев өмірден ерте өткен ақсақал, анасының көзі тірі, қазір Теректіде тұрады.

Айтуынша, Аягөзден асқан соң біртіндеп шаршағаны басылды. Марқакөлдің енді ес жиып, еңсе тіктейтінін ойға алса, тіптен жадырайды. Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айының 19-ы күні облыс әкімі Ермек Көшербаевты қабылдап, Үлкен Нарын мен Марқакөл ауылдарын қайта құру туралы тапсырма берді.

Бір жағынан қымбат болса да сатып алған велосипеді жолда қалдырмады. Өскеменге таяғанда қол-аяғының талғаны басылып, өзін сергек сезінді. Шілденің 1-і күні Алматыдан шығып, 7-і күні Өскеменге жеткен жерлесімізді сыныптастары қиқулап қарсы қалды. Әлі тың, тек жүзін күн қақтапты. Парталастарын көрген спортшы еріксіз жымиып, велосипедінен түспей жатып бірін-бірі бауырына басты. Туған өлкесі мен достарына деген сартап сағыныш мыңдаған шақырымды кедергі көрмегеніне қайран қалдық.

Әділхан ЕСІМХАНОВ