Мемлекеттік күзет қызметі қатарына мерзімді әскери қызметке іріктеу басталады

928
көрілім

Наурыз айының 1-і мен 5-ші сәуір аралығында ҚР мемлекеттік күзет қызметі өкілдері барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда үміткерлерді таңдау және зерделеу жүргізеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Үміткерлерге қойылатын талаптар мынадай: жасы 18-27 арасында, бойы 180 см-ден төмен емес және 195 см-ден жоғары болмауы керек. Кемі орта білімді, денсаулығында кінәрат болмауы тиіс. 
- Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разряды бар шақырылушыларға басымдық беріледі. ҚР мемлекеттік күзет қызметі (әрі қарай МКҚ) қатарына өткен шақырылушылар мерзімді қызметін Астана және Алматы қалаларындағы 0112 және 0111 әскери бөлімдерінде атқарады. ҚР Мемлекеттік күзет қызметі қатарында мерзімді қызмет сарбаздары ҚР Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қорғау, рәсімдік және хаттамалық іс-шараларға қатысу, Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңба эталондарын күзету секілді айрықша міндеттерді атқарады, -- делінген мәліметте.
ҚР МКҚ әскери бөлімдерінде мерзімді қызмет атқару барысында жас сарбаздар тәжірибелі нұсқаушылық құрамның жетекшілігімен әскери іске үйреніп, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді.
Әрі қарай кадрлық тұрғыдан өсуге мүмкіндігі бар. Мерзімді қызмет аяқталған соң олар өз қалауы бойынша келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыра алады. Одан әрі арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және офицері болып, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді атқаруға мүмкіндік бар.
- ҚР МКҚ мерзімді қызмет сарбаздары үшін Қазақстан Республикасында мерзімді әскери қызмет атқарған азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша белгіленген барлық жеңілдіктер қолданылады, - делінген ақпаратта.
Барлық қосымша сұрақтар бойынша +7 776 800 27 28 телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады.