Мүгедектік тобын алу үшін не қажет?

1232
көрілім

Облыстық Прокуратураның деректеріне сенсек, өткен жылы өңіріміздің әр 23-ші тұрғынының ресми мүгедектігі болған. Алайда мәселе толыққанды шешілді деуге келмес, өйткені "мүгедектік алуда құқығымды бұзды" деген азаматтардың қарасы азаяр емес. Ал прокуратура болса, әр он мүгедектің сегізі жұмысқа жарамды деп есептейді (Бұл жөнінде біз 2017 жылдың тамыз айында жазған болатынбыз). Осы орайда, газет тілшісі не себепті науқастар мен мемлекеттік орган қызметшілері пікірлерінің бір жерде тоғыспағанын саралап, мүгедектік тағайындау үрдісінің жай-күйін зерделеді.

Басы ауырғанның бәрі мүгедек пе?

Мемлекет кімді мүгедек, әрі жұмысқа жарамсыз деп таниды? Заңда мүгедектік "ағза функциялары тұрақты бүлініп, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адамның тiршiлiк-тынысының шектелу дәрежесi" деп түсіндіріледі. Яғни, мемлекет денсаулықтың бұзылуы адамның күнделікті өмірін шектеуі қажет деп есептейді. Бұл жерде әр сөзге мұқият болған жөн.

Мысалы "тіршілік қарекетінің шектелуі" деген сөзді алайық. Егер адам ауыр дерті бола тұра күнделікті қажеттіліктерін өзі қамтамасыз ете алса, өздігінен жүре алса (жылдам жүрмесе де), жұмыс істей, оқи, сөйлей алса, жан-жағын бағдарласа және өзінің жүріс-тұрысын бақылай алса, ол мүгедек болып саналмайды. Мысалы, адамның бүйрегін алып тастады делік. Мұндай жағдайда ол мүгедектік алуға егер екінші бүйрегі сыр бере бастаса ғана үміт арта алады.

Екінші мысал ретінде мүгедектік ұғымының "ағза функцияларының тұрақты бұзылуы" түсінігін алып көрелік. Егер адам өте ауыр науқасқа шалдығып, бірақ ем-шаралар нәтижесінде денсаулығы жақсарса - ол мүгедектік ала алмайды. Ал осыған дейін мүгедектігі болса алынып тасталады. ШҚО Қоғамдық кеңестің сараптама комиссиясының былтырғы жылы жаз айында өткен отырысында кейбір мүгедектердің жәрдемақы алу үшін ем-шаралардан әдейі бас тартып отырғандығы айтылған болатын. Мысалы жамбас және тізе буындарын эндопротездеуден кейін адам толыққанды жүріп, жұмыс істей алады. Сондықтан мұндай адамдар жұмысқа жарамсыздық мәртебесін алуға үміт арта алмайды. Бұдан басқа заманауи медициналық технологиялардың адам денсаулығын қалпына келтіруге байланысты мысалдар да бар. Осылайша, қалыпты өмір салтына келе алмай жүрген (әзірге болса да) мүмкіндігі шектеулі жандар ғана мүгедек саналады.

Адамға уақытша және өмірбойғы мүгедектік беруге негіз болатын бірқатар сырқат түрлері бар. Дегенмен, оны алу да оңай емес. Мысалы адамның жүрегін шунттеу кезінде бір науқасқа төрт, екінші пациентке бір шунт қойды делік. Бірінші адам бірден жұмысқа жарамсыз деп танылса, екіншісі екі-үш жыл ем-дом қабылдап дені саулар қатарына қосылады. Ал екеуіне де жасалатын ота бірдей. Яғни, шешім шығаратын комиссия қойылған диагнозға емес, адамның қалыпты өмір салтына оралу мүмкіндігін қарайды. Пациент өздігінен денсаулығын болжап, баға бере алмаса да барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп беруді талап етуге құқылы. Сондай-ақ, кез-келген дәрігердің немесе комиссияның шешіміне келіспеушілік білдіруге де болады.

Мүгедектік қалай ресімделеді?

Егер науқас адам мүгедектік алуға шындап бекінсе қыруар анықтама жинап, көптеген тексерулерден өтуге дайын болуы керек. Сонымен қатар, оның барлығына бірдей мүгедектіктің беріле бермейтінін қаперде ұстағаны жөн. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 ақпандағы №44 "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығында (аталмыш құжатты ғаламтор беттерінен тауып алуға болады) мүгедектік алуға негіз болатын ауру түрлері көрсетілген. Олардың ішінде қалпына келмейтін анатомиялық кемістікпен (аяқтың немесе қолдың жоқтығы, соқырлық, ауыр ақыл-ой кемістігі, тартылу және тағы басқалар) қатар, ағзаның тұрақты және қалпына келмейтіндей болып бұзылуы да бар. Сондай-ақ, өмірбойғы мүгедектік оңалту шаралары бірнеше жыл бойы жақсы нәтиже бермесе де беріледі. Бірінші топ мүгедегін өмір бойына алу үшін дерт - төрт, ал екінші топ үшін - бес, үшінші топ үшін алты жылдан кем емес уақыт бойына бойдан кетпеуі тиіс.

Басқаларға мүгедектік белгілі бір уақытқа дейін ғана тағайындалады (диагнозға байланысты жарты жылға немесе бір жылға дейін). Осы уақыт аралығында науқас адам ем-шара қабылдап, қайтадан куәландыру үшін сараптама комиссиясынан өтуі қажет.

Анықтап айтсақ, аталған ауру шынымен де пациенттің қалыпты өмір сүру қалпын шектегенін қайта дәлелдеу қажет. Оны қалай істеу керек? Оның қалай істелетіні жөніндегі сызба мынадай:

1. Учаскелік немесе салалық дәрігер маманға жүгініп, дерт бойынша аурухананың стационарлы бөліміне жатуға жолдама алу керек.

2. Дәрігердің диагнозды нақтылап, ағзаның функционалдық бұзылулар сатысын анықтап, ауру тарихынан үзінділер келтіре отырып ұсыныстар жазуы үшін аурухананың стационар бөлімінде жатып, емделу қажет.

3. Бірінші рет жолдама берген учаскелік дәрігерге қайта барып, сәйкес тексерулерден өтуге арнайы бланкілер алу қажет. Егер науқас өздігінен жүре алмайтын болса мұндай бланкілерді оның үйіне әкеп беруі тиіс.

4. Тексеру нәтижелерімен тұрғылықты жері бойынша дәрігерлік-консультациялық комиссияға жүгіну қажет, өйткені ол науқастарды саралап, медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне жіберумен айналысады. Егер дәрігерлік-консультативтік комиссия пациенттің өмір салтында шынымен де шектеулер бар деп шешсе, оның қолына медициналық-әлеуметтік сараптамаға 088/у үлгідегі жолдамасын береді. Ол жерде науқастың жұмысқа жарамсыздық деңгейін анықтап, мүгедектік тағайындайды. Барлық науқастар сараптамадан, сондай-ақ дәрігерлік-консультативтік комиссиядан тұрғылықты жерлері бойынша, ал өздігінен жүре алмайтын азаматтар үй жағдайында өтеді.

Медициналық-әлеуметтік сараптама үшін бірқатар құжаттар қажет. Белгілі бір үлгідегі өтініштен басқа:

- медициналық-әлеуметтік сараптамаға 088/у үлгідегі жолдамасы;

- жеке куәліктің түпнұсқасы мен көшірмесі;

- мекенжай анықтамасы (немесе ауыл әкімінің анықтамасы)

- амбулаторлық пациенттің медициналық картасы. Болған жағдайда ауру тарихынан үзінді көшірмелердің, мамандар қорытындыларының және зерттеу нәтижелерінің көшірмелері;

- отбасылық-дәрігерлік амбулаторияға тұрғылықты тұрмайтын жері бойынша баратын болса, аталмыш медициналық мекемеге тіркелгені туралы анықтаманың (талонның) көшірмесі;

- жұмыс істейтіндер үшін уақытша жұмысқа жарамсыздық парағы;

- еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі және (немесе) осы бойынша өндірістегі еңбек сипаты мен еңбек жағдайлары туралы мәліметтер (жұмыс беруші толтырады) – алғашқы куәландыру кезінде еңбек етуге қабілетті жастағы адам ұсынады (болған жағдайда), өндірістік жарақаттар немесе кәсіптік аурулар болған жағдайларда ұсыну міндетті;

- оны рәсімдеген күннен бастап бір айдан кешіктірмей ұсынылған дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысы – консультацияға жіберген, үйде, стационарда немесе сырттай куәландыру (қайта куәландыру) қажет болғанда, оңалтудың жеке бағдарламасын қалыптастыруға немесе түзетуге жіберген жағдайларда;

- міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу (немесе қатыспау) фактісін растайтын құжат – осы әлеуметтік тәуекел бойынша жалпы еңбек ету қабілетінің дәрежесі алғаш рет белгіленген жағдайларда ұсынылады.

- жазатайым оқиға туралы акті көшірмесі (бар болса);

- кәсіптік ауруға шалдыққан адам болса Еңбек гигиенасы мен кәсіптік аурулар ұлттық орталығының берілгеніне екі жылдан аспаған қорытындысы (еркін нысанда) ұсынады;

- себеп-салдарлық байланысты белгілеген тиісті қызмет саласындағы уәкілетті орган берген құжат – жараланумен, контузиямен, жарақаттанумен, аурумен байланысты мүгедектіктің себебін айқындау үшін бір рет беріледі;

- еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде алған жарақаттанумен немесе аурумен себеп-салдарлық байланысы туралы сот шешімінің көшірмесі және түпнұсқасы – жұмыс беруші - жеке кәсіпкердің жұмысы тоқтатылған немесе заңды тұлға жойылған жағдайда өндірістік жарақат алған немесе кәсіптік сырқатпен ауырған адам ұсынады;

- мүгедектің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын тексеру актісі – тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларды жақсартуға оңалту жеке бағдарламасының әлеуметтік және кәсіптік бөлігін әзірлеу үшін нысан бойынша мүгедек немесе оның заңды өкілі ұсынады. Тұрғын үй-тұрмыстық жағдайды тексеру актісін жергілікті атқарушы органдардың мамандары жүргізеді.

Бұл жерде мүгедектік алудың жалпылама жолдары көрсетілген. Бірақ дәрігерлердің мүгедектік алуға деген ұсынысты бірден бермейтінін тағы бір рет еске саламыз. Өйткені кейін пациент жұмысқа жарамсыз деп танылмаса таяқтың екінші ұшы оны ұсынған дәрігерге тиеді. Яғни жұмысқа жарамды адамды қабілетсіз деп таныған қандай дәрігер? Мұндай жағдайлар жиі болмаса да, кездесіп тұрады. Сізді емдейтін дәрігер жолдама бермесе, ал сіз болсаңыз оны алуға мықтап бекінсеңіз медициналық мекеменің басшылығына жүгінуіңізге болады. Не болмаса облыстық Денсаулық сақтау басқармасына шағымдануыңызға болады (қабылдау бөлмесінің телефоны 8 (7232) 52-32-01, мекенжайы: Өскемен қаласы, Гоголь көшесі, 36 үй, қосымша ақпаратты densaulik.kz сайтынан алуға болады).

Өз позицияңызды мықтап ұстау үшін тексеру қорытындылары немесе ауру тарихындағы үзінділермен ғана шектелмеуіңізге болады. Жоғарыда көрсетілген медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережелерінде қалыпты өмір салты шектеулерінің байқалу деңгейіне байланысты түрлері де көрсетілген. Егер бойыңыздағы дертіңіз солардың біріне сәйкес келсе, ол үшін күресуіңізге де болады.

Пациенттің медициналық-әлеуметтік сараптама шешімімен келіспейтін жағдайлары да болады. Мұндай жағдайда Медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдістемесі және бақылау бөлімі бар (ол Өскемен қаласында, Киевский көшесі, 1 үй мекенжайында орналасқан). Пациенттің медициналық-әлеуметтік сараптаманың бірінші сатыдағы шешімін қайта қаратуға бір уақыты бар. Тағы бір жолы ретінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне шағым түсіруге болады (enbek.gov.kz сайтында "қабылдау бөлмесі/сұрақ қою" бастырмаларына кіріп сұрақ қоя аласыз). Сол жерде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті басшыларының қабылдау кестесі қоса берілген. Сонымен қатар, алған анықтамалардың көшірмелерін сала отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың атына 010000, Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, Министрліктер үйі, қабылдау бөлмесінің телефон нөмірі 8 (7172) 74-37-23 мекенжайы бойынша пошта арқылы қарапайым хат жолдауыңызға болады.

Ерлен ОСМАНОВ