Өлген мал еті саудаланбайды!

347
көрілім

Қазақстанның су басқан аймақтарында мал қырылған жоқ. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Тұрсын Қабдолданов мәлімдеді, деп хабарлайды газет тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

- Бұл сөз жалған. Мұндай жағдайларда адамдар күнә жасайды деп ойламаймын. Төтенше жағдайлар қызметі барлық мемлекеттік органдармен, полициямен және ветеринар мамандармен жұмыс істеп жатыр. Шығыс Қазақстан облысының тасқын су басқан аудандарында мал шығыны жоқ, - деді министрлік өкілі.

Комитет төрағасы еттің базарға сатылымға шықпас бұрын зертханалық тексеруден өтетінін айтады.

- Базар көрінген нәрсені сататын жер емес. Ет барлық тексеруден өткен соң ғана базарға сатылымға шығарылады. Қазір біз ветеринариялық анықтамалар жобасын енгізудеміз. Яғни ветеринарлық анықтама жазылған соң оның электронды нұсқасы базарға түседі. Егер оның электронды нұсқасы болмаса ет қабылданбайды, - деді өкіл.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін белгісіз біреулер WhatsApp қосымшасы арқылы тасқын су басқан аумақтар тұрғындарының арам өлген малдарының етін жүк көліктеріне тиеп, базарларға жөнелтіп жатқаны туралы хабарлама таратқан болатын. Ол кезде де облыстық басқарма мұның шындыққа жанасымсыз ақпарат екенін айтқан болатын.

Ерлен ОСМАНОВ