Өскеменде жерлес жазушылардың кітаптары көрмеге қойылды

37
көрілім

О. Бөкей атындағы қалалық кітапханада Ғалым Байбатыров пен Мүслім Құмарбекұлының туындылары әдеби дастарханға қойылды, деп хабарлайды Buqara.kz  сайтының тілшісі.
-Біз кәдімгі дастарханымыздан азық жесек, әдеби дастарханымыздан рухани азық аламыз. Кітапханамызда әдеби дастархан деген айдарымыз бар. Былтыр кітапхананың қорына түскен жаңа кітаптарды дастарханға жайып, жарнамалап жүрдік. Енді, 2024 жылы мерейтой иелеріне арнап ерекше форматты айдарымызды бастадық. Қаңтарда екі бірдей жерлесіміздің мерейтойына арнап дастархан жайдық. Оның мәзірінде қаламгерлердің еңбек жолы, романдары, баспаға шыққан мақалалары көрсетілген.
Ағаларымыздың ерекше қырларын оқырмандарымызға айтып жүреміз. Мысалы, Мүслім Құмарбекұлы мен Оралхан Бөкейдің ара қатынасы. Мүслім ағамыз Оралхан Бөкейдің талантын алғаш танып, қазақтың «Қасқа құлынын» облыстық газетке шығарған еді. Мүслім Құмарбекұлы Қатонқарағай ауданына іс-сапармен барғанда Оралхан Бөкейді көзі шалып, өзіне шақырып, шығармасын тыңдайды. «Алматыға жұмысқа барғың келе ме?» деген ұсыныс айтады. Оралхан Бөкей бірден келіссе де, тұратын үйі жоқ екенін жеткізген. Мүслім ағамыз оны Алматыға өзінің үйіне алып кетіп, Оралхан ағамыздың журналисттік жолы осыдан басталды,- деді кітапхана қызметшісі Таңнұр Башай.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, «Әдеби дастарханның» мақсаты да сол – қаламгерлердің туындыларын оқырман қызығатындай, кітапқа үңілетіндей тартымды оқиғалармен паш ету.