Өскемендегі "Борис Щербаковтың жасыл үйі" халықаралық сыйлыққа ие болды

243
көрілім

О.Бөкей атындағы қалалық орталық кітапхананың №2 филиалы халықаралық EIFL сыйлығының жеңімпазы атанды. Руханият ошағы «Борис Щербаковтың жасыл үйі» эко-орталығы» әлеуметтік жобасын жемісті іске асыру арқылы осындай жетістікке жетіп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Халықаралық сарапшылар үздіктерді анықтар алдында әр жобаны бүге-шүгесіне дейін зерделеп шыққан. «Борис Щербаковтың жасыл үйі» эко-орталығы» жобасы жеңімпаз деп танылған 4 жобаның бірі болды. Кітапханаға 1500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілді.


- Жұрттың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында қолға алынған тың бағдарлама аясында заманауи цифрлық эко-зертхана құрылған болатын. Әлеуметтік жобаға «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржылай қолдау танытқан. Қазіргі уақытта экологиялық білім берудегі түрлі мәселелерді шешуде цифрлық және медиа сауаттылықтың ерекше орын алатындығы сөзсіз, - дейді О.Бөкей атындағы қалалық орталық кітапхана директорының орынбасары Айгүл Ахметжанова.  
Кітапхананың балалар экозертханасы заманауи цифрлық жабдықтармен жабдықталған. Балалар өз зерттеулерінде электронды микроскопты, «Жас эколог» құрылғысын, су, ауа, топырақ көрсеткіштерін зерттеуге арналған жиынтықты, 3D принтерді және интерактивті панельді пайдалану мүмкіндігіне ие болды.


Жас экологтар 3D-принтер арқылы құстардың ұясын, кішкентай жан-жануарларға арналған протездер және өсімдіктерге арналған ыдыстар, экокәдесыйлар басып шығаруда. Өлкетанушы-ғалым Борис Щербаковтың жетекшілігімен оқушылар мен мұғалімдер Шығыс Қазақстанда сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер туралы «ШҚО Қызыл кітабы» электрондық деректер базасын құрған.