Өскемендегі «Кел сөйлесейік» клубының ұлдары нәзік жандыларға мерекелік концерт қойды

196
көрілім

О.Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханадағы қазақ тілін үйрететін «Кел сөйлесейік» клубына қатысатын ұлдар бүгін нәзік жандыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, концерт қойды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Концертте мемлекеттік тілде өлең оқылып, ән айтылып, шын жүректен шыққан ізгі тілектер жеткізілді. Әйелдер мен қыздарға руханият ошағының атынан сыйлықтар да табыс етілді.

«Осындай шаралардың арқасында балалар қазақ тілін қолдану арқылы тезірек меңгереді. Одан кейін сахна мәдениетін, көпшіліктің алдында өнер көрсетуді де үйренеді. Алдағы уақытта мұндай концерттік шаралар жалғасын таба бермек», - дейді кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.

Мерекелік концерттен соң «Ұлттық санаңды серпілт!» атты дәстүрлі сенбілік өтті. Өткен аптада алғашқы сенбілік ұлттық ойындарға арналған еді. Бүгінгі екінші рухани сенбіліктің тақырыбы – халық ән-күйлері болды.

Балалар мен олардың ата-аналары әуелетіп ән шырқап, көңіл-күйлерін көтерді. Сахнадан тайсалмай, көптің ортасына шыққандарға тәтті сыйлықтар берілді. Ұлан ауданы балалар музыка мектебінен келген өнерпаздар түрлі аспаптарда ойнап, жиналғандардың құлақ құрышын қандырды.

Содан кейін балаларға бірнеше кітап таныстырылып, геймификациялық ойын ойнатылды. Ерекше демалып, рухани серпіліп қалған қонақтарымыз ризашылықтарын білдірді.