Өскемендегі «Сергек»бейнекамералары қай көшелерде іске қосулы екендігі белгісіз

359
көрілім
Фотосурет: Kazlenta.kz.

Қаладағы шенеуніктер әлі күнге дейін арнайы камералардың қай мекенжайларда қосылғандығын мәлімдемей отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Осыған дейін хабарланғандай жүйе қараша айының ортасында толық іске қосылады делінген. Сонымен қатар, қала тұрғындарына «Сергек» камералары қосылғаны туралы хабарлайтыны айтылған. Алайда мұндай ақпарат БАҚ өкілдеріне таралмады.

– 160 бейнебақылау камераларының 40-ы қосылып қойды. Құқық бұзушылықтарды тіркеу жүргізілетін нақты мекенжайлар ашып айтылса жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзуға әкелуі мүмкін, – дейді Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Оның айтуынша, жүргізушілер ереже сақтамай көлік жылдамдығын жиі асырады. Мысалы, Абай даңғылының бойымен сағатына 160 шақырым жылдамдықпен жүрген көлік жүргізушісіне көлемді айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, «Сергек» камералары жылдамдық асыруды, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтіп кетуді, тоқтау сызығын басуды, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығуды тіркейді. Бұған қоса, қондырғы коммуналдық қызметтердің жұмысын, жол төсемінің жағдайын қадағалап, нақты уақыт режимінде ауадағы зиянды заттардың құрамын анықтай алады.