Өскемендік студент кикбоксингтен әлем чемпионы атанды

649
көрілім

ШҚМУ студенті кикбоксингтен әлем чемпионы атанды

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың психология, педагогика және мәдениет факультеті дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі кафедрасының 2 курс студенті Серікбол Ермеков кикбоксингтен әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кикбоксингтен өткен әлем чемпионатына 25 елдің спортшылары қатысты.

Серікбол Ермеков спорт шебері разрядына ие, ол жастар арасындағы ел чемпионы. 2016 жылы Әлем кубогында 2 орын, 2014, 2015, 2016 жылдары «Ермак кубогы» халықаралық турнирінде 1 орын, 2017 жылы осы турнирде 2 орын алған.

– Әлем чемпионатында жеңімпаз болдым, алдымен ресейлік спортшымен жолықтым. Үш раундтан соң төрешілер тең ұпай берді, сондықтан төртінші раундқа шығып, оны қалай да жеңуім қажет болды, жеңдім, – дейді Серікбол.

Ол Катонқарағай ауданының Жоғары Катон ауылында көпбалалы отбасынан шыққан.

– Жас спортшыларға айтарым, көбірек еңбектену керек, сонда ерте ме, кеш пе жеңіске жетесіздер. Өз-өздеріңізді аямаңыздар, күнде жаттығу керек, таңертең жүгіру керек, салауатты өмір салтын ұстанған жөн. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін! – дейді Серікбол.

Чемпионның бапкерлері – Ержан Шегенов пен Ермек Мүкенов.