Өскемендіктер «Ұмытылмас күннің» куәсі болды

291
көрілім

Бүгін ШҚО драма театрының әртістері өздерін жаңа қырынан көрсетті. «Ұмытылмас күн» деп аталатын қойылымның тұсаукесері өтіп, көрермен ән мен биді де тамашалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мәдениет ошағында кешеден бері қарбалас. Кейбірі Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» драмасының әсерінен әлі шыға алмай, сенбінің кешінде тағы да театрға ағылды. Бұл жолы Жастар театрының қоюшы-режиссері Абай Дәулетұлы жаңа туындысымен қуантты. Меймандар күтпеген сәттің бірі, спектакль басталмас бұрын оқиға желісінен сыр шерткен монолог оқылды. Соған қарап-ақ, шығарма желісі жастық шақ, шынай достық һәм махаббат тақырыптарын қамтитыны белгілі болды. Айта кетейік, бұл музыкалық драма. Сол себепті, ең басында үнді музыкасы замануи үлгіде орындалып, көрермен таңдай қақты.

Ал оқиға сюжетіне келсек, алаңсыз студенттік шақ. Өздерін өнерлі ортадан көргісі келген жастар Алматыда бас қосады. Ән, би, пародия десе көздері жанып, барын салуға дайын. Декан болса алдымен олардың бағытын біліп көреді де, қандай өнерлері бар екен деп сынайды. Әдетте өздеріне берілген образды ғана сомдап жүрген өнерпаздар осы сәтте бимен көпті таңырқатты. Диалог пен концерттік нөмірлер алмасып, көпшіліктің сілтідей тынып тамашалауына әкелді. Әсіресе, жанды дауыстағы әндердің орны бөлек. Жатақхананың көршілес бөлмелерінде тұратын төрт бозбала мен төрт қыздың достығы, риясыз көңілдері солай жалғаса беретіндей көрінді. Дегенмен қазіргі уақытта жастарды желіктіріп жіберетін есірткінің пайда болуы, сол кіршіксіз сезімдердің қылын тез-ақ қиды. Алдымен дәмін көрген жастардың бірі кейін соған тәуелді болды. Ортаға есірткінің көлеңкесі кіргелі бағыт өзгеріп, жарқын ойлары көмескілене бастады. Спектакль сюжеті студенттік шақтағы қателіктер мен соның салдары, нағыз достар қашан да қиындыққа қарсы қалқан бола алатынын көрсетті. Абай Дәулетұлының сөзінше, қойылымға аз уақытта дайындалған.

– Бізде үш труппа болғандықтан үлкен сахнада әзірлік жүргізу қиындау. Әсіресе, осы айда анық байқалды. Тұсаукесердің шикі тұстары бар, толыққанды шығу үшін көп нәрсені тазалау керек. Бірақ хореография мен вокалды бір айдай дайындадық. Өзіміздің балетмейстеріміз көмектесті. Ал вокалға келсек, барлық әніміз хормен бөлінген болатын. Алайда жанды дауыста ән айтқан соң мінсіз шықты деу қиын, – деді қоюшы-режиссер.

Содан хор тек спектакль соңына қарай қонақтар назарына ұсынылды. Жалпы, қазіргі уақытта мефедрон деген есірткі түрі жастар арасында көп таралып, осы жағы өз алдына мәселе болып көрсетілді. Ал қойылымның «Ұмытылмас күн» деп аталуы нашақорлыққа әуестенген жігіт үшін ажал құшқан «Митхунбай» есімді естелігіне жазылған әнімен байланысты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ