Өскемендіктер Жаңа Согра кентіне қатынайтын автобустардың сирек жүретіндігіне шағымдануда

594
көрілім

Buqara.kz сайтына хабарласқан Өскемен қаласының тұрғындары Жаңа Согра кентіне қатынайтын 6, 6Б бағыттағы автобустардың бекітілген кестеден үнемі кешігіп келетіндігін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Күнделікті жұмысқа барып келу бізге мұң болды. Себебі Жаңа Сограға қатынайтын 6, 6Б автобустары кестеден ылғи да кешігіп келеді. Жұмысқа бару үшін үйден бір жарым сағат бұрын шығуға мәжбүрмін, - дейді Жаңа Согра кентінің тұрғыны Еркежан Ахметбекова (аты-жөні өзгертілген).

Оның айтуынша, № 206 бағыттағы шағын автобустың да қатынасы баяу. Мұндай автобусқа жолаушылар мүлде сыймай қалатын көрінеді. Десе де жұмыстарынан кешікпеу үшін адамдар автобусқа лық тиеліп алады. Тұрғындар балаларының сабаққа да кешігіп баратындығын айтып шағымданды.

– Бәрінен де балаларға қиын. Автобуста үлкендермен иін тіресіп, мектепке әупірімдеп жетеді. Мұндай күнде қайталанады. Ескі Сограда қазақ мектебі болмағандықтан осы ауылдың балалары №1 және №16 мектептерде оқиды. Жаңа Соградан лық толып шыққан автобус Ескі Сограға тоқтамай өте шығады, – деді ол.

Алда қыс келе жатыр. Автобус мәселесі тіптен қиындай түспек. Себебі қыстың қақаған аязында аялдамада автобус күтудің қаншалықты қиын екенін оқушы балалар мен тұрғындар жақсы біледі. Осылайша наразы жұрт құзырлы органдардың қыраулы қыс басталмай тұрып, автобус мәселесін бір жүйеге келтіруді талап етіп отыр.

Таунар ҚАЙРАТ