Өскеменнің Орталық кітапханасында Владимир Минаевтың «Өмір парақтары» кітабының тұсаукесері өтті

294
көрілім

«Өмір парақтары» — бұл күнделік-роман, автордың қайтыс болғаннан кейінгі басылымы. Кітапта оның аянбай еңбек еткен ісі туралы, телеарна және әдебиет, Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде журналистика бөлімін құру туралы, отбасы, махаббат, балалары туралы ой-толғаулары көрсетілген. Басылым белгілі тележурналист, облыстық телеарнаның бұрыңғы басшысы, Владимир Филлиповичтің жан-жары Галина Петровна Минаеваның арнау-аңдатпасынан басталады. Оның алпыс жыл бірге өмір сүрген сүйікті жұбайы туралы естелігі жанды тебірентеді.

Тұсаукесерге Минаевпен бірге жұмыс істеген, одан сабақ алған, оны телевизордағы бағдарламалардан көрген адамдар жиналды. Кездесу еркін микрофон түрінде өтті, келушілер Владимир Филлипович туралы өз естеліктерімен, кітаптан алған әсерімен бөлісті. Ниетті адамдар көп болды — достары, әріптестері, студенттері.

Облыстық телеарнада ұзақ жылдар редактор болып қызмет атқарған Людмила Сурованың сөзімен айтқанда, «Бұл кітапты оқып шығып, өз өмірімді қайта сүргендей болдым». Рудный Алтайдың қарт журналистерінің бірі Зоя Шавлинаның айтуынша, «кітап роман-күнделік ретінде айқындалса да, шын мәнісінде, бұл махаббат туралы, оның барлық көрінісі туралы роман ».

«Классикалық филолог және классикалық журналист» — Минаевтың университет бойынша әріптесі Валерия Проходова оны осылай сипаттайды. Аса білімдар, энциклопедиялық білімі бар адам, ол дана ұстаз болатын. Әр түрлі жылдардың түлектері және қазіргі жастар оны жылы шыраймен еске алады. Соңғы минаевтық түлектер осы кездесуге де қатысты.

Владимир Филиппович Минаев, ұрпақты және онымен бірге уақытты да қалыптастырған тұлғалардың бірі болып табылады. Оның қалдырған мұрасы: кітаптар, бағдарламалар, баспа еңбектері әлі талай талқыланып, талданатын болады.