Самар ауданында ауызсу мәселесін шиеленістірген шенеунікке қатысты сот ісі жүруде

200
көрілім

Көкжыра мен Құлынжон ауылдарына ортақ мәселе бар. 2019 жылы таза ауызсу құбыры тартылып, 30 жылдай келмеген ауыр техникаларға қарап, көз сүйсінген еді. Қазір сол жұмыстың ізі де байқалмайды. Миллиондар кетті, мердігер қайтты, ауылдастар таза ауызсуыз қалды.

Мұның өтеуі бар ма деген сұрақ. Кінә кімнен кетті? Аудан әкімдігінің өкілдері бірнеше жыл бұрын «жұмыстың сапалы орындалуын ақсақалдар мен белсенді азаматтар қадағаланда бұлай болмас еді» деп те айтты. Осылай таяқтың бір ұшы көкжыралықтардың өзіне тиді. Бір есептен, қомақты қаржыға ие болған мердігер де, қоластындағы жұмысшылар да түртпектеп тұруды қажет ететін балалар емес. Келісімшартқа сәйкес, Көкжыра 2020 жылдың 31-ші желтоқсанында таза ауызсуға қосылуға тиіс еді. Бірақ бөлінген 500 млн теңгенің жұмысы желге ұшып, қазір жұмысты қабылдап алған шенеуніктердің ісі сотқа жеткен сыңайлы.

Күзде облыс әкімі Ермек Көшербаев Самар ауданына жасаған іссапары кезінде тұрғындардың бірі осы сауалды қайта көтерді. Осы кезде облыстық құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев жауап берді бұған. Оның сөзінше, осы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұрынғы басшысы алты жылға сотталып, жазаға тартылды. Өңір әкімінің сөзінше, кемшілік болған тұстарын толық анықтаған соң заңға сәйкес, тез арада шешімін қарастыру керек.

Жуықта ғана Самар ауданы әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев Өскеменде брифинг өткізіп, жылды қорытындылады. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, тақырыпты тағы бір қозғадық. Аудан басшысы Нұрлан Махамбетов осымен екінші мәрте Өскемендегі жиында төбе көрсетпеді. Себебі кейін анықтала жатар. Қайдар Сұрашев та істің сотқа ұласқанын растады.

– Аудандағы бес ауылға су тарту жұмыстары жүргізілген болатын. Нақты айтсақ, Мариногорка, Миролюбовка, Құлынжон, Аққала және Самар. Соның ішінде, Құлынжонға қарасты Көкжыра елдімекені бойынша сот ісі болып жатыр. Ол аяқталған соң анық-қанығына көз жүгіртпекпіз, – деді әкімнің орынбасары.

Демек, құзырлы мекеме нақты бір адамның соңына шырақ алып түскен. Көкжыра тұрғындары жұмыс аяқталмаса да, суды қабылдап алу бойынша құжатқа қол қойылып кетуі мүмкін деп секемденген еді. Самар тұрғындары алдында сөз алған Дидар Кеңесбаев та бұған қатысы бар адамның жазаға тартылатындығын алға тартты. Қалай дегенмен, шикілігі бар шенеуніктің заң жүзінде жауапкершілікке тартылуы мәселені түпкілікті шешіп тастамайды. Ауыл жұрты жарты млрд теңге жұмсалған жобаға сәйкес, таза ауызсуды күтіп жүр. Сот біткен соң не өзгереді?

Әділхан ЕСІМХАНОВ