Шаруа қожалықтарындағы қанды қылмыстардың жиі тіркелуіне не себеп?

1062
көрілім

Естіген құлақ сенбейтін, санаға қонбас сан-түрлі сұмдықтар өңіріміздегі шаруа қожалықтарында аз орын алып жатқан жоқ. Жалпақ жұрттың қарасы сирек шоғырланған жерлерде қоныс қонған бұл қожалықтарда кісі өлтіру, зорлық-зомбылық, адам саудасы сияқты жантүршіктірер оқиғалар тіркелуде. Байқауымызша, осындай қылмыстарға көбінесе «әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы» болмаған шаруа қожалығының иелері барып жатады. Бұқара.кз сайтының тілшісі бұл мақалада өне-бойды шымырлатар қорқынышты оқиғалар не себепті шет аймақтарда орналасқан қожалықтарда жиі орын алатындығын анықтап көрді.

Шаруа қожалықтарындағы қанды қылмыстардың себеп-салдарын сараламас бұрын, «ең, ең» деген қаралы оқиғаларға көз жүгіртіп шықсақ…

Айуандықтың құрбаны – бәйкүнә сәби

Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығындағы үйіне мас күйінде келген қожалық иесі Асхат Қабдыров (оқиғалардағы адамдардың аты-жөндері толықтай өзгертілген) жұмысшылар тұратын үйге кіріп, ас бөлмедегі үстелге жайғасады. Алкогольдік сусыннан ары қарай да ұрттап отырған ол жақын маңда ойнап жүрген 2 жасар сәбиді үстел басына шақырады. Содан соң ол өзіне бөтелкелес таба алмағандай, кішкентай балақайға ішімдік ішкізген. Мұны байқап қалған баланың анасы «Не істеп отырсың?» деп оларға жақындай бергенде Асхат жас баланы қолымен қатты итеріп жібереді. Соның салдарынан жатын бөлмеде орналасқан матрасқа бетімен соғылған сәби аузынан қан ағып, шырылдап жылайды. Жылаған сәбидің дауысына одан сайын ашуға булыққан Асхат баланы арқасынан бір тепкен.

Туған перзентін өзінің көзінше ұрып-соғып жатқанын көрген ана баласын қорғамақ болып жақындай бергенде 37 жастағы еркек үстелдің үстіндегі оқтауды жұлып алып, әйелді екі санынан бірнеше рет ұрып, соққы жасаған. Санасын үрей мен қорқыныштың ызғары билеген ана аяғына аяқ киім киместен көмек шақыру үшін үйден қашып шығады. Осы кезде ащы суға әбден масайып алған әлгі еркек матрастың үстінде қорғансыз жатқан сәбидің қасына келіп, қолындағы оқтаумен 14 рет оның бас тұсынан, беті мен денесінен ұрған. Бұл аздай, енді ғана тілі шыға бастаған сәбиді жатын бөлмедегі қабырғаға басымен аяусыз соғады. Бүлдіршін осылайша ерекше азапты бастан кешіріп, сол жерде жантәсілім етеді. Баланың қимылсыз жатқандығын көрген Асхат бөлмеден шығып кетеді.

Араға біраз уақыт салып жұмысшылар тұратын үйге әйелдің азаматтық некедегі күйеуі мен көмек айқайына құлақ түрген малшы үшеуі бірге келген. Олардың «Бала қайда?» деген сұрағына Асхат еш шімірікпестен «Ұйықтап жатыр» деп жауап қатқан. Ал баланың әке-шешесі ішке кіргенде көз алдарынан өмір бойы кетпейтін көріністі көрді: диванның үстінде бет-аузы қан-жоса, көгерген денесі ісіп кеткен бейкүнә сәби қимылсыз жатты. Сол сәтте бөлмеге олардың соңынан кірген Асхат құйтақандай сәбиді оқыстан өлтіріп алғандығын айтып ақталып, анасына барып «Полиция қызметкерлеріне «Балам абайсызда қораның төбесінен құлап қалды» дейсің» деп физикалық күш қолдану арқылы қорқытып сес көрсетеді. Сәбидің әкесі шақыртқан полицейлер келген кезде шындықты айтуға жүрегі дауаламаған әйел баласы қораның төбесінен құлап қайтыс болғандығын айтып ауызша жалған түсінік берген. Бірақ шырылдаған шындықты кеудесіне сыйдыра алмаған ана тергеу тобына оқиғаның бар мән-жайын баяндап береді.

ШҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған сот ісінде Асхат өз кінәсін мойындаудан бас тартты, алайда оның кінәсі сот талқылауында зерттелген айғақтармен толықтай дәлелденді. Сот шешімі бойынша, айыпталушы ҚР ҚК-нің 58-бабы, 4-бөлігімен 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сәбидің ата-анасына келтірілген моральдық зиянның ауырлығы мен тараптардың материалдық жағдайын бағалай келе, сот айыпталушыны 1 000 000 теңге мөлшерінде өтемақы өндіруге міндеттеді.

Құлдықта өткен бір тағдыр

2013 жылы Ұлан ауданындағы Ұзын-Бұлақ ауылындағы шаруа қожалығына жұмысқа тұрған Константин Лихарев өзіне уәде етілген жалақысын алмақ түгілі, бас бостандығы да болмаған. Құлдық қамыты мойнына ілінген ол азаннан кешке кейін малдың соңына түсіп, қара жұмыстың барлығын атқарады. Ал егер Константин бастығының бір сөзін орындамай қалса немесе ол ойлағандай тиянақты істемесе, аяусыз тепкінің астында қалатын.

Шаруа қожалығының иесі құлдықта ұстаған Константин Лихаревті ұдайы бақылауында ұстап отырады. Қожалық аумағынан тыс бір адым аттауға рұқсат бермей, әрбір ұсақ-түйек кемшілігі үшін жұдырық жұмсап немесе қолына түскен күрек-көсеумен ұра берген. Осылайша оны 4 жыл бойы мәжбүрлі түрде ауыр еңбекке жеккен. Сөйтіп, 2017 жылдың ақпан айында таңғы сағат 06.30-шамасында Константиннің қорадан байқаусызда бір бұзауды шығарып алғандығын көрген бастық тағы да айғайға көшкен. Былапыт сөздерді желдей естірген қожайын қолындағы тырмауышпен жұмысшысының басынан ұрып жібереді. Алған соққыдан ол отырып қалып, қорғану үшін екі қолымен басын көлегейлей береді. Осы кезде қожайын оны іштен бір теуіп жерге құлатып, тепкілей жөнеледі. Аяусыз соққының салдарынан ішегі зақымданған жәбірленуші ауыр дене жарақатын алған. Осы оқиғадан соң Константиннің жағдайы күн сайын нашарлап, жұмыс істеуге қауқары жетпей қалады.

Жұмысшысының берген тапсырмаларын орындамай жүргендігін байқаған қожалық иесі оны тағы да тепкінің астына алады. Жұдырығымен бір ұрып жерге құлатқан соң аяусыз тепкілей жөнеледі. Соның салдарынан Константин Лихаревтің көкірек қуысы зақымданып, 7 қабырғасы сынған. Ал келесі күні жұмысшысының тұра алмай жатқандығын көрген қожайын оны туысы арқылы көлікпен Өскемен қаласындағы №1 ауруханаға жеткізеді. Арада 3 күн өткен соң дене жарақаттары асқынып кеткен Константин бас көтерместен көз жұмады.

Сот үкімі бойынша қожалық иесі ҚР ҚК-нің 128-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Түнгі текетірес

Тарбағатай ауданында орналасқан шаруа қожалығының жетекшісі жұмыс күші ретінде қыстауына 2 ер адамды ертіп келген. Ол жерде жаңа жұмысшыларды екі азамат тосып алады. Бірі шаруа қожалығы басшысының ұлы болса, бірі осыған дейін сотты болған 40 жасар еркек. Қожалық иесі тиісті тапсырмаларды беріп, өз шаруаларымен кетіп қалады. Ал жұмысшылар болса ауа-райының қолайсыздығын сылтауратып «қой қораны кейін тазалаймыз» деген шешімге келеді. Дегенмен оларға күн райының жайсыздығы тентек судан алуға кедергі келтірмейтін болып көрінді. Керісінше «ұтымды сәт» деп қуанды олар. Оның үстіне жаңа келген жалдамалы жұмысшының бірі өзімен бірге құйылмалы арақ ала келген.

Кешке қарай шаруа қожалығы басшысының ұлы жайылып жүрген малды қораға айдамақ боп сыртқа шығады. Жолда «қасқыр кезігіп қалса керек болар» деген оймен қолына қосауыз мылтығын да бірге ала кеткен. Біраз уақыттан кейін қайтып оралған ол мылтығын кептірмекші болып қабырғаға тақап қояды. Ал өзі серіктерінің отырысына қайта қосылады. Кейін ұйқы қыса бастаған кезде қожалық иесінің ұлы қосауызды жасырын жерге қоюды ұмытып кетіп, үйіне қарай бет алады. Сөйтіп түн жарымында үстел үстінде екі адам ғана қалғанда олардың арасында дау туған. Сайтан суға әбден масайған екеудің егесі жанжалға ұласып, осыған дейін сотты болған 40 жастағы еркек қабырғада тұрған мылтықты байқап қалады. Қосауызды қолына алған ол бөтелкелесінің кеуде тұсына атып жібереді. Оқ тиген азамат оқиға орнында бірден көз жұмды. Айыпталушының ісі ШҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот шешімі бойынша сотталушы 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қожалық иесінің құзырында

Сананы торлаған біршама сұрақтарға жауап алу үшін «Феникс» даму және бейімдеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Назигүл Ахметқалиевамен әңгімелесіп көрдік. Бұл мемлекеттік емес ұйым құлдықтың құрбаны болған және зорлық-зомбылықтың кесапатын тартқан әйелдер мен балаларға көмек көрсетеді.

Адамдар негізінен зұлым пиғылды шаруагерлердің айуандығынан осындай қайғылы оқиғаларға тап болып жатады, – дейді Назигүл Ахметқалиева. – Бұқара халық қоныстанған елді мекендерден шалғай тұратын шаруа қожалықтарында жалдамалы жұмысшыларға иелік ететін қожайын өзін нағыз патша секілді сезінетіні рас. Әрине бес саусақ бірдей емес. Кейбір қожалық иелері өзін ақылды, сабырлы ұстайды. Бірақ айдаһардай аранын ашып азынап, қол астындағы адамдарға күн көрсетпейтін қатігез басшылар да өріп жүр.

Әңгімелесушіміздің айтуынша, шаруа қожалықтарында қылмыстардың орын алу-алмауы қожалық иесіне тікелей байланысты.

Жұмысшыларының басына әңгір таяқ ойнатуды әдетке айналдырып алған бастықтар ойларына келгенін істейді, – дейді ол. – Осындай қатігез адам қаласа тегін жұмыс істетеді, қаласа адам жанын жаһаннамға аттандырып жібереді. Расында да, олар құлдықтың баяғыда жойылғандығын ұмытып кеткендей…

Байқауымызша, шаруа қожалықтарының көбісінде ұялы телефон желісі тартпайды. Қиындыққа тап болып, көмек шақырғысы келген жандар ең жақын деген ауылға қашып баруға мәжбүр. Ал шаруа қожалығына бас сұғатын қонақтар тым сирек келеді. Полиция қызметкерлері болса, тек бір оқиға орын алса ғана сол жерге барып бас көрсетеді. Сондықтан шаруа қожалықтарында қандай адамдар жұмыс істейтіндігін, оларға қандай жағдай жасалғандығын тексеріп, бақылап жатқан ешкім жоқ.

Өз тәжірибеме сүйенсем, халық шоғырланған аймақтардан едәуір алыс орналасқан қожалықтарда, заңсыздықтардың тіркелуі соғұрлым жоғары болады, – дейді Назигүл Ахметқалиева. – Тіпті олардың кейбірінде орта ғасырлық мәдениет қалыптасқан. Осы ретте бір айта кететіні, шаруа қожалықтарының иелері бірінші кезекте өз қалталарын ойлайды. Біраз болсын ақша үнемдегісі келген қожайындар бұрын сотты болғандарды, маскүнемдер мен қаңғыбастарды жұмысқа жегеді. Ал тағдырына наразы, жүйкесі әбден тозған жандардың басы бір жерге тоғысса, бұның соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ