ШҚО: 15 рет мұзда жарылыс жасалып, 447 көпір қардан тазартылды

85
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынын болдырмас үшін 15 рет мұзда жарылыс жасалып, 447 көпір қардан тазартылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жергілікті атқарушы органдар мен құтқарушылар су тасқынының алдын алу үшін жұмысты күшейтті. Жалпы ұзындығы 365,8 шақырымды құрайтын 427 арық, 133,4 шақырымдық 71 канал, автокөлік жолдарында 3552 және теміржолда 90 су өткізу құрылысы, 447 көпір қардан тазартылды. Өңір бойынша 365 мың текше метрден астам қар шығарылған.

 

«Облыс өзендерінде 201 796 шаршы метр аумақта барлығы 15 рет мұз жару жұмыстары жүргізілді. Халықты су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында 149 елді мекенде 270-тен астам рейд жасалып, 20 000-нан астам адам қамтылды. Жергілікті атқарушы органдар жалпы сыйымдылығы 17 мың адамнан асатын 153 уақытша орналастыру пунктін әзірледі», - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.

Биылғы қыста жалпы көлемі 162 470 текше метр қар түсірілген 75 профилактикалық көшкін жүргізілді. Су тасқынына қарсы жұмыстарға Семейден ҚР ТЖМ №68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жұмылдырылды. Олар Алтай ауданындаға жұмыстарға көмектесуде.