ШҚО палуандары Жақсылық Үшкемпіровты еске алуға турнирде үш медаль иеленді

656
көрілім

Соңғы уақыттары өңір спортшылары қарқын алып, елішілік, халықаралық аламандарда үнемі тұғыр сатысынан көрініп жүр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жастар арасында өткен халықаралық додаға қазақстандық палуандардан бөлек, Өзбекстан, Грузия, Қырғызстан сынды елдерден де келіп қатысты. Бақ сынап қана қойған жоқ, бес салмақта (63, 72, 82, 87 және 97 келі) тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Ал сайыстың алғашқы күнінен бастап жарқын белдесу көрсеткен шығысқазақстандық палуандардың бапкерлік құрамның сенімін ақтап, үдеден шыққандықтарына күмән жоқ. Бәлкім жүлделер саны одан көп болады деп жоспарлаған шығар, әйтсе де екі алтын және бір қола медальдің өзі тыңғылықты әзірліктің бір көрінісі.

Бәсеке басталған күні аягөздік Ерасыл Мамырбеков аса сенімді өнер көрсетіп, жолындағысын тегіс ығыстырды. Шешуші сында грузин палуаны Дмитрий Кхачидзенің осал тұсын тауып, қоржынға бірінші алтын жүлдені салды. Бұл Шығыс Қазақстанның ғана емес, еліміздің жастар сапының қоржынына түскен алғашқы алтын медаль болатын. Келесі болып 63 келіге дейінгі салмақта өз мүмкіндігін байқаған Диас Әскербай шешуші сынға жетпесе де, кіші финалда өз мықтылығын мойындатты. Ал 60 келіге дейінгі салмақта жастар арасында республика көлемінде теңдессіз болып тұрған Ақшәулі ауылының тумасы Нұрсұлтан Базарбаев әр белдесуден шашау шығармай, финалға дейін сүрінбей жетті. Алтын медаль сарапқа салынған белдесуде тағы бір сайыс қожайыны Айбек Есмұратовпен жолығып, басым түсті.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапы ұсынған қаржылай сыйлыққа ие болды.