ШҚО Полиция департаментінің қызметкерлері объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын тексерді

285
көрілім

ҚР Үкіметі бекіткен тізімге сәйкес адамдар көп жиналатын орындарға, сауда үйлеріне, тамақтану орындарына, концерт залына, спорттық ғимараттарға, вокзал, теміржол станцияларына, әуежайда, білім беру орындары мен денсаулық сақтау объектілеріне және туристік демалыс орындарына бейнебақылау орнатылуы керек, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті басшысының орынбасары Талғат Шаяхметовтың айтуынша, тексеру барысында жеке құрам арасында түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Барлық мекеме басшылары мен 9700 қызметкерге оқу іс-шаралары жүргізілді.

- Тексерулер көрсеткендей, басшылардың көпшілігі белгіленген талаптарға сай инженерлік-техникалық жабдықтарды орнатуға тырысатын болды. 2019 жылдың басынан бері ШҚО-да терроризмге байланысты 1300-ге жуық объекті тексерілді. Тексерілген объектілердің ішінде 300-іне кемшіліктерді жою туралы ескерту жасалды, - дейді Полиция полковнигі Талғат Шаяхметов.

Жалпы, материалдар жинақталып, сот органдарына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 149-бабына сәйкес (терроризмге қарсы қорғанысты қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді орындамау) 39 хаттама толтырылды. Нысанның 14 басшы жауапқа тартылды. Сот шешімдеріне сәйкес мемлекет пайдасына 4 миллионнан астам теңге өндіріліп алынды.