ШҚО-да 220 мың адам 42 500 теңгеден алды

290
көрілім
Шартты фотосурет

Аймақта 220 мың адам ең төменгі жалақы мөлшеріндегі әлеуметтік төлем алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Instagram парақшасында жазды.

– Алдын ала қабылданған шаралардың арқасында облыс аумағында коронавирус инфекциясының таралуын біршама тежедік. Алайда COVID-19-ды жұқтыру жағдайлары көрші аймақтарда күн санап артып келеді. Сондықтан қауіп деңгейі жоғары. ТЖ режимінде ШҚО-дағы ірі өнеркәсіп орындарының экономикалық белсенділігін сақтай алдық. Жалпы облыстың тіршілігін қамтамасыз етудің барлық құрылымдары жұмысын жалғастыруда. Әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысы, жолдарды жөндеу, абаттандыру жоғары қарқынмен жүріп жатыр. 20 мың жұмыс орнын құру көзделген "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасының инфрақұрылымдық жобалары ерекше бақылауда, – дейді әкім.

Оның айтуынша, халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау туралы Президент тапсырмасына сай, 220 000 шығысқазақстандық 42500 теңгеден жәрдемақы алған.

– Сонымен қатар барлық блокпосттарда "жасыл дәліз" тиімді жұмыс істеп тұр. Тұрғындарға саяжайға кедергісіз бару мүмкіндігі бар. Қызмет көрсету саласының көптеген нысандары онлайн режимде жұмыс істейді. Басты талап – әлеуметтік қашықтық пен қауіпсіздікті сақтау. Бәріміз жақындарымыздың денсаулығы үшін шыдамдылық пен жауапкершілік танытуымыз керек. Алдағы 10 күнде эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, коронавирус анықталмаса, біз карантин режимін жеңілдете аламыз. Бұл қызмет көрсету саласының бірқатар кәсіпорындары бұрынғы жұмыс режиміне қайта оралатынын білдіреді, – дейді Даниал Ахметов.