ШҚО-да "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы сәтті жүзеге асуда

1635
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы сәтті іске асырылып келеді. Оның ішінде Семей қаласында аталмыш бағдарлама аясында кәсіпкерлердің 597 жобасына қолдау көрсетілген, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Бұл жайлы ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында шаһар әкімі Бақытжан Байахметов айтып берді.

«Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде 10,6 млрд теңгені құрайтын 597 жобаға қолдау көрсетілген. 7,8 млрд теңге сомасында 428 жоба субсидияланды. Сондай-ақ 169 жоба кепілдендіріліп, 7 жобаға 21,5 млн теңге мөлшерінде грант берілді. Мемлекеттік бюджет есебінен кәсіпкерлік нысандарына жетіспейтін инфрақұрылымды тарту бойынша 5 жоба жүзеге асып жатыр. Оның ішінде Май зауытына электр желісін тарту бойынша ұзындығы 32 шақырымды құрайтын ВЛ-110 құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы сомасы – 1,4 млрд теңге», - деді ол.

 

Сонымен қатар «Еңбек» жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қаржы жұмылдырылуда. Нақты айтқанда, 163 адамға - 95,1 млн теңгеге мемлекеттік грант, 78 адамға - 684 млн теңге мөлшерінде шағын несие берілген.