ШҚО-да әскер жасына дейінгі жастар арасында жарыс болды

273
көрілім
фото сурет автордікі

Облыс орталығында әскер жасына дейінгі жастар  арасында  суға жүзуден жарыс өтті, деп хабарлайды  Buqara.kz сайтының тілшісі.

19 наурыз күні дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен әскер жасына дейінгі  жастар арасында суда құтқару  көпсайысы бойынша  облыстық турнир өтті. Аталған шараға облысымызға қарасты бірнеше ауданнан жас спортшыларымыз келіп бақ сынасты.

Шараны ұйымдастырып отырған мекеме директорының орынбасары Кунжан Оразаева жарыс екі кезеңнен тұратынын, бірінші кезең «Аралас эстафета» командалық жарыс және «Жабық бассейінде 25 метрге жүзу» жеке командалық жарыс кезеңдері бойынша өтетінін алға тартты.  

- Жан-жақтан келген 10 команда бақ сынасады. Турнирде  мектеп оқушыларынан бөлек колледж студенттері де қатысады. Барлығы 60-қа жуық жас спортшы келді, - деді ол.

Орынбасар өз сөзінде бәсеке жыл сайын ұйымдастырылатынын, бұл осы жылмен VI рет өткізіліп отырғанын жеткізді.

Жарыстың мақсаты - жасөспірімдердің тіршілік қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру,  әскерге дейінгі дайындығын арттыру, экстрималды жағдайларда жылдам әрекет етіп көмек көрсетуге бағытталған.

Турнирге 15-18 жас аралығындағы мектеп  оқушылары, колледж студенттері, әскери-патриоттық спорт клубының курсанттары мен жас құтқарушылар мектептерінің курсанттары қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша  I, II және  III- орын алған жеңімпаз командалар естелік кубоктармен, түрлі дәрежедегі дипломдармен қоса тиісті медальдармен марапатталады.

 

НҰРДАУЛЕТ ҚАЛИБЕКОВ