ШҚО-да әскерге шақырылушылар хабарлама түссе де әскери комиссариатқа бармай жүр

122
көрілім
Фотосурет Alashorda.kz сайтынан

Бұл туралы ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті өкілдері Өскеменде өткен жиын кезінде ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Брифинг барысында аталған департамент бастығының орынбасары, Тәрбие және идеологиялық жұмыс басқармасының бастығы Жасұлан Сатбалдиев азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру тақырыбына кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде жас ерекшілігі әскерге шақыруға жарайтын жастарды бас-көз демей, көшелер мен сауда орталықтарында алып кетіп жатқаны туралы көп ақпарат тарады.
– Сол күні бірден әскерге жіберіледі деген хабарламалар кездеседі.  Бұл ең алдымен, әскерге шақырылушыларға шақыру қағаздары берілмейтіндігімен байланысты. Қазір әскерге алыну жасына жеткен әрбір бозбаланың телефонына 1414 нөмірінен шақыру пунктіне келуі туралы хабарлама түседі. Жалпы, жастардан көшеден, сауықтыру орталықтарынан әкету құқық қорғау органдары тарапынан келісілген, – деді департамент бастығы.
Жасұлан Сатбалдиевтің сөзінше, әскерге шақырылушылар шақыруға жауап бермейді және осыған байланысты құқық қорғау органдарына тізімдер жасалады. Қазір осы бойынша тиісті шаралар қолға алынып жатқан көрінеді.
– Егер жас жігіттің қолында оның әскерге жарамсыз екендігі туралы жеке дәрігердің қорытындысы болса, бұл фактіні Damumed жүйесінде тексере аламыз. Әрбір әскерге шақырылушы жүйеге кіріп, сол жерден диспансерлік есепте тұрғаны туралы анықтама алады. Сонда әскерге шақырылушы медициналық комиссиядан өтпейді. Мәселен, оның ауыр сырқаты болса, ол қосымша тексеруден өтеді. Медициналық куәландыру жүргізіледі. Егер әскерге шақырылушы шынымен жарамсыз болса, онда шақырылу кейінге қалдырылады, –  деді жауапты тұлға.
Департамент бастығының орынбасары облыс бойынша қанша адам әскерден жалтарып жүргені туралы нақты деректер жоқтығын жеткізді. Ресми мәліметке сәйкес, биыл 18-27 жас аралығындағы 39 мыңнан астам адам Отан алдындағы борышын өтеуі керек.
Естеріңізге сала кетейік, көктемгі шақыру 1 наурыздан басталып, 30 маусымға дейін жалғасады.
Дильназ ЮНУСБЕКОВА