ШҚО-да "Мен қазақпын" мега-жобасының екінші маусымына іріктеу басталады

605
көрілім

28 мамыр күні облысымыздың аудан, қалаларында "Мен қазақпын" мега-жобасының екінші маусымына іріктеу басталады. Бабадан қалған рухани мұрамыз – терме-толғауларды, күй мен дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген 18 бен 40 жас аралығындағы азаматтар болса, бірнеше күннен соң бұл байқауға қатысу мүмкіндігін алады. Бұл жөнінде ШҚО Ақпарат орталығында баспасөз мәслихатын өткізген «QAZAQSTAN» РТРК» ШҚОФ «ALTAI» телеарнасының басшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

- 2017 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын көпшілікке насихаттау мақсатында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен облыстық әкімшіліктер қолдауымен «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасы «MEN QAZAQPYN» халықаралық мега-жобасын өткізді. Елімізбен бірге Моңғолия, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасын қамтыған жобаны көрермен ерекше ықыласпен қабылдады. «MEN QAZAQPYN-ға» 3 мыңнан астам адам қатысуға өтініш білдіріп, 57 өнерпаз телевизиялық байқауға жолдама алды. Бұл жоба халық арасында үлкен қолдауға ие болды. Биыл да аудитория сұранысы ескеріліп, халықаралық жобаның екінші маусымы басталды, - деді баспасөз мәслихаты барысында «QAZAQSTAN» РТРК» ШҚОФ «ALTAI» телеарнасының директоры Аида Жабағиева.

Еліміздегі дәстүрлі әнші, термеші және күйшілердің басын бір арнада тоғыстыру, заманауи үлгідегі сахнада ұлттық өнерімізді дәріптеуді мақсат тұтқан мега-жобаның жергілікті жерлердегі іріктеу турлары маусым-шілде айларында өткізіліп, топ жарған өнерпаздар 2018 жылдың тамыз, қазан, қараша айларында Астана қаласындағы "Қазмедиа" орталығында бақтарын сынайды.

– Таныстық, туыстық және жерлес деген қағидаларды ұстанбаймыз, – деп қосты «ALTAI» телеарнасы директорының орынбасары-бас редактор Айдос Жұқанұлы. – Іріктеу турларын ұйымдастырған өңірлер қазылар алқасын өздері құрап, жеңімпаздарды өздері анықтап, телевизиялық жобаға кіл мықтыларын ғана жібереді. Байқауға қазақ композиторларының және халық әндерін домбыра, қобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын еліміз бен алыс-жақын шетелдегі 18-40 жас аралығындағы қандас бауырлар қатыса алады. Сондай-ақ, әр қатысушы бұрын-соңды орындалмаған туындыларды орындауы тиіс және өзгелер орындаған туындыны қайталап орындамауы қажет. Өнерімен қатар, оның ұлттық нақыштағы қиім киісі мен сахнадағы өзін-өзі ұстауы да басты назарда болады. Сондықтан, биылғы жарыстан сүрінбей өтетін тек кіл мықтылар ғана болмақ.

Мега-жобаға қатысуға тілек білдірген азаматтардың арнайы музыкалық білімі болуы талап етілмейді. Тек олар дәстүрлі әнді нақыштап орындап, аспапта жоғары дәрежеде ойнаса болғаны. Үміткерлер өздерінің тұрғылықты аудан, қалаларындағы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне жүгініп, төменде көрсетілген құжаттарды тапсыра алады.

Үміткерлердің тапсыратын құжаттары:

- Жеке куәлігінің көшірмесі;

- Өмірбаяны;

- Оқитын (оқушылар мен студенттер үшін), жұмыс істейтін жерінен анықтама;

- Сапасы жақсы электронды нұсқадағы суреті;

- Әр кезеңде орындайтын шығармаларының тізімі.
 

«MEN QAZAQPYN» мега жобасының аудан, қалалардағы іріктеу турларының өтетін күндері

Аудан атауы

Өткізілетін күні

Өткізілетін орны

Үржар ауданы

28 мамыр

Аудандық мәдениет үйі

Аягөз ауданы

29 мамыр

Аудандық мәдениет үйі

Зайсан ауданы

4 маусым

Аудандық мәдениет үйі

Тарбағатай ауданы

5 маусым

Аудандық мәдениет үйі

Көкпекті ауданы

6 маусым

Аудандық мәдениет үйі

Ұлан ауданы

11 маусым

Аудандық мәдениет үйі

Катонқарағай ауданы

18 маусым

Аудандық мәдениет үйі

Күршім ауданы

19 маусым

Аудандық мәдениет үйі

Өскемен қаласы

30 маусым

Облыстық драма театры

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ