ШҚО-дағы өрт сөндірушілер қарағайлы ормандағы тілсіз жауды өшіруде қандай қиындықтар болғанын айтты

368
көрілім
Шартты фотосурет

Өңірдегі өрт сөндірушілер «Семей орманы» резерватындағы қызыл жалынды өшіруде қандай қиындықтар болғанын айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 23 сәуір күні Бесқарағай ауданы аумағындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында өрт шыққаны жайлы хабар түскен. Бірден сол жерге Байдаулетов орман шаруашылығынан 34 адам, 6 автоцистерна және 2 трактор жіберілді.

Сондай-ақ жалын шарпыған аумақ МИ-2 тікұшағы арқылы бақыланып, оқиға орнына өрт сөндірушілер мен авариялық-құтқару қызметінің күштері жұмылдырылған. Жалпы сол жерде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметінен - 93 адам және 23 техника, ТЖ комитетінен - Көкшетау гарнизонының 39 адамы мен МИ-26 тікұшағы тілсіз жаумен күресті.

– Қатты желдің салдарынан өрт қылқан жапырақты ағаштарға тез таралып кеткен. Ал мұндай ағаштар өте жылдам жанады. Жоғары температура мен қою түтінге байланысты кейбір ошақтарда тілсіз жауды ауыздықтау қиынға соққан. Жеке құрам мен техникаға қауіп төнді. Бірақ біз барынша абайлап, сақтық шараларын қатаң сақтадық, – дейді өрт сөндіру жетекшісінің көмекшісі Анатолий Жуков.

Өрт 25 сәуір күні сағат 19-00-де өшірілді. Қызыл жалын шарпыған аумақ 3 948 гектарды құрайды. Өртті сөндіруге жұмылдырылған Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменттерінің мамандары мен техникалары тұрақты орналасқан жерлеріне оралған.