«ШҚО-дағы пайдалы қазба да азайып барады» – Шәкірім Бұқтұғұтов

98
көрілім
Фотосурет автордікі

Сенат депутаты өңір көлеміндегі пайдалы қазба орындарына барлау жүргізу барысына тоқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Айта кетейік, бүгін облыс әкімдігінде геологиялық барлау тақырыбында отырыс ұйымдастырылды. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік Комитеті өкілдері келіп, түрлі ақпараттарымен бөлісті. Шәкәрім Бұқтұғұтов сұхбат кезінде олардың ресми іссапары барысына тоқталып, жуықта өңір көлемінде кен орнының табылуына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, Менделеев кестесіндегі 108 компоненттің 97 пайызы Қазақстан топырағында бар. Молибденнен бастап, өзгесі кеңес өкіметі кезеңінен бері зерттеліп басталған.
– Өңірдегі геологиялық барлау тақырыбы осыған дейін Үкімет басшылығы алдында көтерілген болатын. Қуанышқа орай, соған қатысты оң хабар естідік. Президенттің пәрменімен 2026 жылға дейін аталған жұмысты жалғастыруға мүмкіндік бар. Бізде атағы жер жарған спортшылар мен шахматшылар аз емес. Бірақ Қаныш Сәтпаевтың деңгейінен асқан геолог әлі шықпады. Кен орындарының көбінде байлық сарқылды, – деді депутат.
Жауапты тұлға сөз арасында қарапайы арифметика келтіруді жөн санады. Оның сөзінше, былтыр республика бойынша кен орындарынан шығарылған пайдалы қазба көлемі алты есеге артты.
– Бұрын-соңды мұндай болмаған. Жұмыстар қалыпты нормада жүзеге асырылып келді. Көбінде инвестиция құйып, қазбаны азырақ мөлшерде шығару межесі қойылған еді. Ал 2023 жылдың статистикасы біршама ойландырады. Кез келген кен орнында қазба сарқылады. Біздің өңірде де солай. Қазір осының төңірегінде Қазцинк алаңдаулы. «Жер қойнауын пайдалану» туралы кодекс бар. Ол отандық және шетелдік инвесторлардан қанша қаржы аударылғаны туралы бақылау жүргізіп отырады. Ал «Салық кодексінде» бұл туралы баптар қарастырылмады. Парламентарий ретіндегі біздің мақсатымыз сол, тау-кен орындарын зерттеуді дамыту бойынша заңнаманы оңтайландыруға ықпал ету. Осы ретте Президенттің былтыр қыркүйек айында геологияға қатысты берген тапсырмасы көп тұрғыда жұмыс барысын айқындап берді, – деді Сенат депутаты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ