Шығысқазақстандық палуандар халықаралық турнирде алты медаль иеленді

709
көрілім
Фотосуреттер sport_vko парақшасынан алынды

Жерлестеріміз Болгарияның астанасы Софияда өткен «Petko Sirakov-Ivan Iliev» халықаралық турнирінде үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Антальяда 20 жасқа дейінгі еркін күрес шеберлері белдессе, мұнда ең үлкендері 23 жаста болды. Бірнеше жерлесіміз үшін мұны маусым айында Қырғызстанда өтетін Азия чемпионаты алдындағы әзірлік деп қабылдаған жөн болар.

Сонымен сайыстың алғашқы күні катонқарағайлық Досжан Әсетов 70 келіге дейінгі салмақта алтын медальға ие болды. Бұдан іле 79 келіге дейінгі дәрежеде риддерлік Айбар Жылқайдаров күміске қол жеткізді. Айбар финалда Жамбыл облысының үздігі Дәулет Ергештен ұтылды.

Зайсандық Мұхамед Балғабай 57 келіге дейінгі салмақта бозкілемге беттеп, финалда отандасымыз Дәулет Теміржановқа жол берді. 65 келіге дейінгі салмақта тарбағатайлық Әсет Бауыржанов чемпион атанса, 74 келіге дейінгі салмақта Жеңіс Қаныбеков үздік үштікті түйіндеді.

Ал осы салмақта Көкпекті ауданы, Көкжыра ауылының тумасы Шыңғыс Мұхаметқалиев қарсыластарын қоғадай жапырып, үздік шықты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ