Сібе көлдерінде жағажай маусымы ашылды

383
көрілім

Демалушылардың сүйікті жеріне айналған Сібе көлдері өзінің жазғы маусымға дайындығын көрсетті. Ұлан ауданында өткен «Жағажай маусымының ашылуы 2019» шарасы биылғы жылы да жалғасын тапты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Сібе көлдері жылдан-жылға облыс пен республикаға танылып келе жатқан демалыс орындарының бірі. Бірнеше жыл бұрын абаттандырылып, жаңадан жұмысын бастаған Сібе көлдері көпшілік ағылып келетін көрікті жерге айналған.

- Бүгінгі күнде бұл жер жұрт сүйетін жағажай деуге болады. Осыдан екі жыл бұрын ғана ашылған демалыс орнына келушілер саны 75%-ға ұлғайып, қаржы түсімі 44%-ға артып отыр. 2 млрд теңгеге "Өскемен-Самар" және Сібеге дейінгі 125 шақырым жол толығымен жөнделіп біткен. Сондықтан тек ұландықтар емес, облыстың әр өңірінен келгендердің көңілінен шығуда, - дейді Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Жиылған халық тек суға шомылып қана қоймай түрлі сайыстар мен ойындарға да қатысуда. Облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бірнеше эстафеталар өтіп, сыйлықтар табысталды.

- Осы жылы алғаш рет жағажай волейболынан «Сібе кубогі 2019» халықаралық жарысын өткіздік. Сайысқа облыс командаларынан бөлек Қырғызстан елінен, Павлодар, Алматы қалаларынан волейболшылар бақ сынады. Қонақтардың көп болуына байланысты қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қызмет көрсету орындарын көбейтіп отырмыз, - деді Ұлан ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болатбек Мамарбаев.

Арнайы ашылу салтанатына Орда тобының әншісі Дастан Оразбеков те келген. Әндерімен көрермендердің көзайымы болған әнші өз тілек-ниетін жасырып қалмады:

– Бұл жерге алғаш келуім. Қатты ұнап жатыр, табиғаты тамаша, адамның тынысын кеңейтетін орын екендігі бірден байқалды. Алдағы уақытта осы Сібенің көлдерінде отбасыммен сергіп, демалып қайтсам ба деймін, - деді эстрада әншісі.

Күндіз түрлі шаралар мен сайыстар өткізіліп кешке жұлдыздардың қатысуымен концерт өтті. Қонақтарға арналып отшашу мен би кеші де ұйымдастырылған.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ