Тозығы жеткен жолдар ШҚО-дағы туризмді дамытуға кедергі

483
көрілім

Жазғы демалыс маусымы таяп келе жатқандықтан кәсіпкерлер өз демалыс базаларын қамдап, тынығушылар көбірек келсе деп әзірлік жүргізіп бастаған. Алайда соған апарар жолдардың әбден тозығы жетіп, әлі жөнделіп бітпей жатқандығы жеке бас мүддесі емес, өңірдегі жалпы туризмнің дамуына кедергісін келтіруде.

Былтыр да дәл осындай жиын өткен-тұғын. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы аумағында іскер жандардың бірқатары «ҚазАвтоЖол» өкілдеріне шағым-наразылықтарын жеткізді. Экономикалық жағынан әлеуеті мол Алакөл, Риддер, Бұқтырмадағы демалыс орындары жыл санап туристерді көптеп тартуда. Дегенмен шұрқ тесік жолдар тезірек жөнделмесе келушілер саны азайып кетеді деп дабыл қақты. Әсіресе Алакөлге қатысты ұсыныс-пікір көп айтылды.

– Шамамен 450 шақырымнан астам жол учаскесінің жағдайы нашар. Осының ішінде 211 шақырымына асфальт-бетонды төсем жайылған, ал айналма бөлігіндегі 75 шақырымның 66 шақырымы қамтылды. Айналма жолдардың кетеуі кеткен. Алакөлдегі тынығу маусымы мамыр айының соңында басталатындықтан шаң-тозаң қолқаны қаппасын деп осы айналмалы жолдарға көңіл бөліп жатырмыз, – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ ШҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Олжас Ахметов.

Келеңсіздіктің әлі сақталып отырғандығын құрылыс материалдарының қымбаттап, кейін мердігерлермен түсініспеушілік болғандығымен байланыстырды. Әйтсе де әр кәсіпкер білдірген шағым ескеріліп, олқылық бар тұстар жөнделетіндігін алға тартты.

«Арасан Алакөл» және «Інжу» демалыс базасының директоры Елена Асылбекова Жалаңашкөл өзені жағалауы бойындағы жолдың сегіз шақырымы тез арада жөндеуді қажет ететіндігін жеткізді.

Мұнымен қоса Қабанбай ауылындағы Алакөлдің курорттық аумағына апарар жол мен Мақаншыдан Қабанбай ауылына дейінгі кірме тасжол, Манат ауылынан Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы Аюда демалыс базасына дейін, сондай-ақ Өскемен-Риддер тасжолының айтарлықтай нашар екендігі сөз етілді.