Ұлан ауданы Сағыр ауылының орталық көшесі жеті жылдан бері жөндеу көрмеген

754
көрілім

Өскеменге таяй бергенде оң қапталдан ытқып шыққан көліктерге ешкім назар аудара қоймас. Облыс орталығына жету үшін әлі 40 шақырымдай бар. Назар аудармаса да мән берерлік жайт, тап сол бағыттан темір тұлпарын тізгіндегендер үздіксіз, дамылсыз жүріп жатады. Иә бұл Сағыр ауылы. Дәл іргесінде құлама жартасы бар, сарқырап аққан бұлағы сылдыр қаққан елді мекеннен үдере көшіп жатқан жайттар ілуде біреу шығар. Ал облыс орталығына таяу орналасқан ауылдың қазіргі жағдайы қалай? Сағыр ауылынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз орталық көше жолының әбден тозығы жеткендігін айтып шағымданған еді. Мән-жайды аудан басшылығынан біліп көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Кейінге қалдырылды»

Қандай жұмыс, қандай мәселе қозғалса да алдымен қаржылық қиындықтар себепкер болып жатады. Бұл жолы да солай. Аудандық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшылығындағылардың айтуынша, былайғы тұрғындар орталық деп есептейтін Абылайхан көшесіне орташа жөндеу жұмыстары соңғы рет 2014 жылы жүргізілген. Содан бері жеті жыл өтіпті! Басты себеп – қаржы тапшылығы.

– Биыл Сағыр ауылында орталықтандырылған су құбырын тартуға 920,669 млн теңге бөлінді. Жауапты мердігер «Alash құрылыс KZ» ЖШС. Қазіргі уақытта негізгі жұмыс басталды. Осы себепті жол жөндеу кейінге қалдырылды, – деді бөлім басшысының міндетін атқарушы Динара Ақылбаева.

Осы жерден әкімдік берген жауаптың өзара қайшылығы байқалды. Бастапқыда қаржы тапшылығы, содан соң су құбырлары құрылысына байланысты кейінге қалдырылды делінген ақпар ұсынды. Алыстан орағытып, ортақ ой шығарсақ, тиісті қаржының болмай қалғаны негізгі себеп көрінді. Десе де бұл емес маңыздысы. Жеті жыл мерзім ішінде тым құрығанда орталық көшеге қиыршық тас төселмегені қалай? Өзге аудандардың бірқатар шағын ауылдарында кіреберісіне, көше жолдарына ағымдағы жөндеу жұмысы жүрігізілсе, Сағырда қыбыр еткен тірліктің лебі де сезілмеген. Қазір мұндағы тұрғындар саны – 1918 адам. Жергілікті жұрттың сөзінше, көшуге бекініп отырған ешкім жоқ. Қайта «осы жер құтты қоныс, мал баққанға да, егін еккенге де қолайлы» дескендер бар. Тұрмысы тұраламаған ауылға аяқ басқандардың «әттеген-айға» басатындары осы тұс.

«Аудан басшылығын алаңдатпайтын сияқты»

Сағырға кіребергеннен турасынан тартып отырса кібіртіктеп жүргізбейтін шұрқ тесік кімді болсын қажытып, жүйкесіне тиетіні шындық.

– Жаяу-жалпы адамға аса білінбейді, ал мотоцикл, көлік жүргізушілердің жолы күрт ұзара түскендей болады. Шыны керек, орталық көшенің жөндеу көретіндігіне сену қиын. Бұл ауыл аудан басшылығындағыларды алаңдатпайтын сияқты, – дейд Ринат есімді тұрғын (аты-жөні өзгертілген).

Иә, сағырлықтар бұған мойынсұнғандай. Егер бөлім басшылығы берген жауаптағыдай, су құбырларын тартуға байланысты жол жөндеу кейінге қалдырылса, онда жуық арада әлдебір өзгерістің болары анық. Бір есептен, бұл жерде аудан басшылығы емес, ауылдық округ әкімінің сылбыр әрекетін мысал етуге болады. Бәлкім, бір-екі жыл өтіп ауысып кеткендері де бар шығар, әйтсе де оларға қарап орталық көшенің келбеті кірмей жатқаны өкінішті-ақ. Ринаттың сөзінше, қар сөгіліп, қара жер көлшікке айналған кезде үш жетіге созылатын «уақытша сынақ» беріледі. Бірі – тайып, бірі – су кешіп, өзгесі темір тұлпарын балшықтан шығара алмай әлекке түседі.

Анығы сол, биыл екі ауылдық көшенің және екі аудандық маңызы автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген:

Ауыл, кент атауы

Жөндеу жұмысы

Бөлінген қаржы

Қасым Қайсенов кенті

Көшелерді орташа жөндеу

185,920 млн теңге

Таврия ауылы

Қасым Қайсенов көшесін орташа жөндеу

31,170 млн теңге

Манат ауылы

Кіреберіс жолдың 20-32 шақырым учаскесін орташа жөндеу

294,578 млн теңге

Таврия-Каменка-Тройницкое

Автомобиль жолының 10-30 шақырым учаскесін орташа жөндеу

343,693 млн теңге

Аудан басшылығы ұсынған мәліметке сүйенсек, өткен жылы аудан көлемінде автомобиль жолдарын жөндеуге қаражат бөлінбеген. Тек аудандық маңызы бар 370,5 шақырым автомобиль жолдарын күтіп ұстауға облыстық және аудандық бюджеттен 146,9 млн теңге бөлініп, бірқатар жұмыстар атқарылған. Кестеге зер салайық:

Атқарылған жұмыс түрі

Қамтылған аумағы (км, шаршы метр)

1

Жолдарды қардан тазалау

24453,85 шақырым

2

Шұңқырларды жабу

4345,32 шаршы метр

3

Жолдарды тегістеу

91,5 шақырым

4

Су өткізгіш құбырлар орнату

7 дана

Сағырлықтардың көкірегіне титтей де болсын үміт оты ұяласа, аудан басшылығы да сенімнен тыс қалмай іске көшер. Бөлім қызметкерінің «кейінге қалдырылды» деген сөзі алдағы жылдардан бір үміт боларын аңғартқандай.

Әділхан ЕСІМХАНОВ