Ұлан ауданы Жанұзақ ауылының жолы қашан жөнделеді?

911
көрілім

«Шамамен 10 жылдай болды, Шымқорадан шыққанда еш алаңсызбыз, көлік тізгінін де күрт тежемейміз. Алайда орта жолдан аса бере ойдым-ойдым тасжол басталып, өгіз аяңмен ілбіп жүреміз» деген тұрғындардың жол машақатын тартып отырғандарына расымен де талай жыл болған. Ауызбіршілігі берік ауылдастардың айтуынша, аудан әкімдігіндегілер бұл жайттан хабардар болса да іске келгенде қауқарсыз. Ұлан ауданы Жанұзақ ауылынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыздың өтінішінен соң мәселенің анық-қанығына үңіліп көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Биыл да тегістеледі

Аудандық ТҮКШ. Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Санат Бустакбаев берген мәліметке сенсек, Жанұзақ ауылына кіреберіс жолдың жыл сайын шұңқырлары жабылып, тегістеп жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын тегістелетініне қарағанда жол жағдайының көңіл жабырқатар кейіпке енетіні әдепкі тіршілік болып кеткендей. Тырнақ астынан кір іздегендей кемшілікті тізгеніміз емес, тек жыл сайын уақытша тегістеу жүргізудің орнына тиісті сметалық құжатты дер кезінде әзірлеп, біруақытта тасжол төсеудің қамымен жүрген шенеуніктерге қамшы басу. Десек те бұл орайда жауапты тұлғалардың өз айтар уәжі бар.

– Осы жылы тегістеу жұмыстары жалғасын табады. Әйтсе де аталған жол күрделі немесе орташа жөндеуді қажет етеді. Орташа жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттама әзірленген, жөндеу жұмыстары 77,1 млн теңгені құрайды, – дейді аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Санат Бекенұлы.

Мәлім болғандай, аудандық бюджеттің мұндай жұмыстар жүргізуге мүмкіндігі жоқ. Қалта жұқа. Бұны бөлім басшысы да растады. Жағымсыз жаңалық мұнымен тоқтамай тұр. Осыған дейін облыстық және республикалық қазынадан тиісті қаржы бөлуге ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім жолданғанымен, ешқандай қаржы бөлінбеді. Мұндай мәлімет жол жөнделеді деген күңгірт үміттің көмескіленіп бара жатқандығын аңғартты. Сонда бұған дейін жартылай тасжол, жартылай қара жол іспеттес болып жатқан үш шақырым әлі неше жыл жөндеу көрмейді? Айтпағымыз, тегістеу жұмыстары емес, жанұзақтықтардың талай жылғы өтініш-тілегіне айналған асфальттың төселуі. Қазір бұл ауылда 280-нен астам тұрғын бар. Өңір жұрты ауылдан қалаға жыл сайын үдере көшсе, бұл ауылда кіндік қаны тамған жерді тастап, қоныс аударып жатқандар саны саусақпен санарлық. Қоғамда қозғаушы күш саналатын жастар да аз шоғырланбаған Жанұзақта. Шырайы кетпеген шағын ауылдың кемшін тұсы 3 шақырымға дейін созылып, соншама жыл жөндеу көрмеген жол жағдайы.

Шартты фотосурет

«Жол ұзарып кеткен бе?»

Егінсу ауылдық округінің әкімі Бейсенбек Асқабыловтың сөзінше, гәп аудан тарапынан жол жөндеуге қаржы бөлінбегендігінен. Сонда кім-кімді күтіп жүр? Жоғарыда жазылғандай, бөлім басшысы Санат Бустакбаев облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан тиісті сома бөлінбегенін алға тартса, ауылдық округ әкімі аудан басшылғынан қаржы бөлінбегендігін жеткізді. Округ әкімінің уәжіне сүйенсек, аудан әкімдігі пәрмен берсе қаржының бөлінуі мүмкін дегенге саяды. Қос тараптан кімнің айтқаны ақылға қонады? Тұрғындар саны 300-ге жетпейтін Жанұзақты шағын ауыл деп шеттегеннің өзінде бір жолдың жартысы ала, жартысы құла болып жатқаны қазіргі Ұлан, бұрынғы Шымқора мен Жанұзақты жалғап тұрған аралықты едәуір алыстатып тұр.

– Шамамен 10 жылдай болды, Шымқорадан шыққанда еш алаңсызбыз, көлік тізгінін де күрт тежемейміз. Алайда орта жолдан аса бере ойдым-ойдым жолдар басталып, өгіз аяңмен ілбіп жүреміз. Округ әкімі де, аудан басшысы да осы мәселеден хабардар. Кейде қиыршық тас төгіп, тегістеген болады. Онысы жыл бітпей еріген сумен жарылып, жел ұшырып, ақыр соңында кедір-бұдыр жолға айналады. Көз тастам жерге жетудің өзі біршама уақытты алады. Осыны мұқият қолға алатын біреу болса ғой, әйтпесе кейбір таныстарымыз «Жанұзаққа жол ұзарып кеткен бе?» деп жатады, – дейді Гүлжанат Арманова (аты-жөні өзгертілген).

Округ әкімінің сөзінше, Ұлан-Жанұзақ ауылдары аралығындағы жолдың жүретін бөлігін қар қалыңдығы бойынша профильдеп, шұңқырларын жөндеуге биыл 5 млн 628 мың теңге қаржы бөлінген. Жалпы, аталған жол соңғы рет 2018 жылы ағымдағы жөндеуден өткен, яғни шұңқырлары тегістелген. Бұдан бөлек, биыл республикалық бюджет есебінен «Таврия-Каменка-Тройницкое» жолының 10-30 шақырым учаскесін орташа жөндеуге 343,8 млн теңге қаржы бөлініпті. Аз ақша емес. Алайда қалай тартсақ та «қысқа көрпе көсілуге келмес» дегендей, жанұзақтықтардың өтініш-тілегін орындауға жетпейді бұл.

Әділхан ЕСІМХАНОВ