Ұлан ауданында «Бүркітші» орталығы құрылмақ

3264
көрілім

Облыс әкімі Ермек Көшербаев бүркітші қыз Айшолпан және оның ата-анасымен кездесіп, құсбегілік тақырыбында әңгіме өрбіткен болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған орталықта бүркіт баптауға үйретіп, келушілерге қазақтың дәстүрі насихатталмақ.
– Әлемге танымал бүркітші – Айшолпан Нұрғайыппен кездестім. Ол құсбегілердің ірі додасында жеңіске жетіп, ең жас құсбегі атағына ие болғанын білесіздер. Айшолпан құсбегілікке бала кезінен жоғары қызығушылық танытты. Оның өнеріне BBC және CNN сияқты ірі ақпараттық арналары да ерекше назар аударды. Айшолпан мен оның ата - анасы Моңғолияда тұрады. Бұл елде бүркіттердің қатысуымен ірі іс-шаралар, түрлі жарыстар жиі өткізіледі, – деді Ермек Беделбайұлы.


Ал талқыланған «Бүркітші» орталығына келсек, облыс әкімі қолдауға дайын. Айтуынша, табиғаты көркем өлкеде жұмысын бастаса, туризмді дамытуға қолайлы. Жаңа орталықта еуропалықтар үшін қазақтың тағамдары әзірленіп, жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылмақ.
Бүркішті қыздың әкесі Нұрғайып Ырысұлы халқымыздың салт-дәстүрі мен аңшы құстарды түз тағыларына салудың қыр-сыры жазылған кітап шығармақ. Сондай-ақ орталықтың бас кеңесшісі болып бекітіледі.
–  Айшолпан «Шығыс салбурыны-2023» фестиваліне қонақ ретінде шақырылды. Оның ерекше дарынына қызығушылық танытқандар көп болды. Өйткені бүркіт сияқты дала құсын меңгеру үлкен өнерді қажет етеді. Жалпы, бүркітпен аң аулау – қазақтар мен қырғыздардың ұлттық қазынасы. Бұл дәстүрлерді жаңғыртып жатқанымызға қуаныштымыз, себебі осындай фестиваль мен байқаулар Шығыс Қазақстанның туристік бренді бола алатыны сөзсіз, – деді аймақ басшысы.

Фотосурет облыс әкімінің жеке парақшасынан