Ұлан ауылының тұрғындары 4G интернет қосылғалы оң өзгерістер байқалатынын айтты

15524
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Ұлан ауданының Ұлан ауылына былтыр мемлекет әзірлеген «250+» бағдарламасы бойынша кең жолақты интернет желісі тартылды. Көпшілік бұл елдімекенді бұрынғы атауы Шымқора арқылы да жақсы таниды. Аудан орталығының іргесінде, аумағы төрт түліктің жайылымына қолайлы жота мен қыраттың етегінде орын тепкен ауыл. Интернет жылдамдығы артқалы ұландықтардың күнделікті өмірі қалай өзгергенін тілшіміз көріп қайтқан еді.

Бұл ауыл ежелден ақын-жазушы мен ғалымдарға бой өңір. Тұмса табиғат бойына бар дарынды дарытқан еліміздің тіл білімі негізін қалаушылардың бірі – Сәрсен Аманжоловты айтсақ жетіп жатыр. Білім мен спортқа келгенде оқушылар да, жастар да Ұлан көлемінде ұдайы жүлдегерлер қатарында. Әйтсе де әдепкі күйбең тірлікте интернет көмегіне жүгінгенде бұған дейін айтарлықтай кідірістер байқалған. Облыстан бөлек, республика бойынша өзектілігін сақтап тұрған бұл түйткіл Ұлан ауылында былтыр шешімін тапты. «250+» жобасы қалай іске асырылғаны жайлы Егінсу ауылдық округінің әкімі Ерасыл Бейдженбаев толығырақ айтып берген еді. Сөзінше, кей тұрғындар, округке қарасты Жанұзақ ауылынан да радиофобия бойынша наразылықтарын білдірген.

– Интернет мұнарасын орнату үшін жер 2020 жылы берілді. Ұланнан бөлек, Жанұзақ ауылы да бар, – дейді ауылдық округ басшысы. – Екі ауылға интернет мұнарасы бір мезетте, яғни 2021 жылдың мамыр айында қойылды. Ол кезде жер-жерде карантин, Шығыс өңірі бойынша шектеу шаралары күшін жоймаған шақ. Балаларға онлайн оқу кезінде қиынға соқты. Бастапқыда 3G ғаламторы тартылған. Бұл аралықта мұнара қойылатын аумаққа жақын үйлердің тұрғындары мұның зиянды екенін айтып, көңілдерінде үрей барын жеткізді. Өз тарапымыздан «Кар-Тел» ЖШС өкілдерінен сұрастырып едік, мұның зияны жоқ екендіктерін айтты.

Ғаламтор мұнарасының неліктен Ұлан ауылының дәл орталығына қойылғаны Ерасыл Сәбитұлына да қызық болды. Себебін сұрастыра келе, диапазон тұрғысынан тұтас ауылды қамтиды деген жауап алды. Яғни, тиімді. Ал мұның зиянының жоқтығы жайлы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінен қорытынды жіберілген. Оны арыз-шағым түсірген тұрғындарға көрсетіп, көңілдері орныққан соң жұмыс жалғасын тапты.

– Қазір Ұлан ауылының жұрты интернет жылдамдығына риза. Айта кетерлік жайт, мұнара былтыр мамыр айында қойылғанымен, Beeline операторының 4G ғаламторы тамыз айында толықтай қосылды. Үйлердің әр бөлмесінде қызметтің кез келген түрін кедергісіз алады. Мен әкім болып тағайындалған кезде мұнара құрылып қойған. Ал көршілес ауылдарда, оның ішінде Айыртауды мысал етсек, Activ-тің интернеті қосулы еді. Дей тұрғанмен былтыр жұмыс бойынша ZOOM-ның көмегіне жиі жүгінгенде байланыс кідірістеп, кедергілер көп байқалатын, – деді әкім.

Егінсу ауылдық округіне үш ауыл қарайды. Ұлан, Жанұзақ және Борсақ елдімекендері. Ұзын-ырғасы 1400-ден астам адам тұрады. Ұланда – 1064, Жанұзақта – 264 және Борсақта 85 тұрғын бар. Ғаламтор жылдамдығы барлығында бірдей жоғары дей алмаймыз. Айталық, Борсақ ауылы тұрғындар санының аз болуына қарай «250+» бағдарламасына ілінбеген. Округ әкімінің сөзінше, тіркеу бойынша 85 адам тұрады. Соған сәйкес дыбыс күшейткіш, яғни репитерлер қолданып отырған жанұялар бар. Жалпы, ол жақта «H+» қана ұстайды. Ауылдық округ әкімі бұл мәселе де шешіле жатар дейді. Себебі, аудан басшысы қазіргіге қарағанда біршама қуатты репитерлер сатып алу бойынша қаражат бекітіп жатқан көрінеді. Қай тұрғыдан болса да басшылықтың қолдауы әр салаға айтарлықтай демеу. Балалар медбикесі Ботагөз Байжуминова фельдшерлік-акушерлік пункт жұмысы қазір бірқалыпты қарқынға түскенін жасырмады.

– Бұған дейін жұмыста ғаламтор тұрғысынан материалдар ұзақ жүктелетін еді. Амалсыз, ноутбугімізді алып, үйде түнде жұмыс істеуге тура келетін. Себебі, жүктеме аз. Интернет мұнарасы қойылғалы жұмысымыз алға басты. Осының алдында науқасқа жолдама беру үшін интернет жылдамдығының төмендігі кесе көлденең тұратын. Лажсыздан, «Түстен кейін келіңіз», «Әлі жүктелмей жатыр» деп күттіріп қоятынбыз. Осыған байланысты тұрғындар наразалық білдіріп жатты. Әйтеуір қазір 4G интернеті қосылғалы жұмыстың әр бағыты бойынша мүмкіндіктер молайды.

Белгілі түркологтың есімі берілген мектеп білім мен спорттағы жоспарын бекітіп, күз айларында жалғасын табатын түрлі шараларға әзірлік жүргізіп жатыр. Ауыл оқушылары мен жастары волейбол, футзал бойынша өздерін суда жүзген балықтай сезінеді. Округ әкімі мен білім ордасының директоры олардың әр қадамын қолдап, жарыстардың барлығына үкілеп қосады. Сәрсен Аманжолов атындағы орта мектептегі тәртіп пен ұжымдағы тілеулестік мекеме табалдырығын аттағаннан-ақ байқалды. «Сәлеметсіз бе» деп дауыстай ізет танытқан бүлдіршіндер шуылдан гөрі, әлдебір тақырыпты талқылап барады. Ал мектеп директоры Назигүл Исканова ZOOM қосымшасы арқылы жиынға қатысып жатыр екен. Айтуынша, Beeline интернетінің жоғары жылдамдығы ұстаздардың жұмысына айтарлықтай жеңілдік әкелді.

– Компьютер болсын, ноутбук пе – ақпарат алу жолы өте ыңғайлы. Тек, желді күндері сәл баяу, жылдамдығы тежеледі. Жалпы, ғаламтор мұнарасы орнатылғалы қарбалас шақ тыйылды. Осыған дейін жалғыз компьютеріміз ғана мәліметтерді жедел жіберуге қауқарлы болды. Оған қоса, мұғалімдеріміз «Күнделік», «Bilim Land» сияқты плафтормалмен жұмыс істеуді күн тәртібінен түсірмейді. Мектеп көлемінде жеті Wi Fi нүктесі бар, бір-екі жыл бұрын оның өзі нашар болатын, – деді мектеп басшысы.

Қуаныштысы сол, енді оқушыларды бағалау, оларға тапсырма беру уақыт оздырмай жүзеге асады. Осы ретте округ әкімі Ерасыл Бейдженбаев уақыт тығыз, тапсырма әбден қордаланған кезде ұстаздарға ZOOM қосымшасының тиімді болғанын атап өтті. Бір-екі жыл бұрын облысты былай қойып, жер жаһанда жиын-кездесулердің барлығы осындай үлгіде жалғасқан еді. Ал спортты серік еткендер үшін жығылған үстіне жұдырық болғандай тіптен. Себебі оларға ойнайтын доп, секіретін құм, желдей есіп жүгіретін жер керек. Бұл жағы қалай өрбіді екен?

– Салыстырмалы түрде интернет сапасы әлдеқайда жақсарды. 10 баллдық жүйе болса, 8 деп бағалаймын. Бір есептен, біздің сабақ көбінде далада немесе спорт залда өтеді. Дегенмен WhatsApp арқылы жіберілген бейнежазбалар тез жетіп, оқушылар тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындап жүрді. Пандемия кезінде көп сабағымызда You Tube желісін жиі пайдаландық, онда оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай түрлі жаттығулар көрсетілген, – деді 20 жылға жуық дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп жүрген Гүлнұр Қуанышбаева. – Қазір індет екпінін еңкейткен уақытта тапсырма әзірлеу үшін жүктелген бейнежазбалар бірден ашылады.

Орта мектептерде дене шынықтыру пәнінен нәзік жандылардың сабақ беріп жүргенін жиі жолықтыра бермейміз. Қимылы ширақ, ойы сергек мұғалім спорттың бірнеше түрінен шәкірт тәрбиелеп келеді. Өзі жеті баланың анасы, һәм «Алтын алқа» иегері. Балаларының алды университет тәмамдап, үйленіп қойған. Бұдан кейінгі қызы анасының жолын қуып, дәл осы пәннің мұғалімі болсам дейді. Төртеуі мектеп оқушысы, кенжесі әлі күтімде. Көпбалалы шаңырақ қай ауылдың болсын келбетін ашып, құрметіне бөленіп келеді. Кім білсін, округ әкімі сөз еткен Ұлан ауылындағы көкпар командасы да осындай берекелі отбасынан шыққан өрендерден жасақталатын шығар. Ұлттық спорт Ұлан ауылының аумағынан ірге сөккен емес ешқашан. Кей аудандарда ат спорты тұралап жатқанда Жанұзақ пен ұландық жігіттердің бас қосып, алаңда атой салып жүргендерін елдімекен тұрғындары мақтанышпен сөз етеді. Қуанарлығы сол, мұндағы жастар бейсауат жүрістерден гөрі, игілікті істер жасауға бейім. Жоғары оқу орындарын бітіріп, туған жерге туын тіккендер де бар.

– Интернет мұнарасы орнатылмай тұрып, жұмыста желінің ары жағындағы адамның айтқанын ести алмай, ғимарат терезелері маңын жағалайтынбыз. Қазір үйде де, далада да жылдамдық бірдей. Туыс-туғандарымыздың дауысы анық шығады. Қолымыз қалт етіп, бой жазайық десек фильм көру кезінде кедергі жоқ. WhatsApp-та видеоқоңырау арқылы сөйлесеміз, – деді тұрғын Гүлжан Қадырова.

Ұлан ауылының тарихы әріде жатыр. Қираған үйлер мен нысандар бар. Осы ретте округ басшысы ауылды абаттандыруға жіті мән беріп жатқанын жеткізді. Ескі құрылыстарды бұзып, орнын тегістеу, ауылдың ішкі жолдарына қиыршық тас төгу сынды жұмыстар кестеге сай жалғасып жатыр. Бастысы, қоғамда сәт сайын жаңашылдық көзге шалынатын уақытта интернет машақатының байқалмайтыны қуантты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ