Ұландық тыл ардагері Дүзбайлә Қадырбаева жасөспірім шағында қара жұмысқа араласқан

1023
көрілім

Өңі қуқыл тартып, жасы келсе де жанарынан тіршіліктің ұшқыны кетпеген әжеміздің әр әңгімесінен кейін оқиға өрби бастады. Оқиға өрістеген сайын көз алдымыздағы бір уыс бетін әжім торлаған әжейдің сөздері нық, өткен күнге емін-еркін көз тастауы көңілге таңданыс ұялатпай қоймады. Талайсыз тағдыр тапалап, кезінде тылдағы жұмыстың бел ортасында жүрген пысық-ширақ қарттың айтар дүниесі де аз емес екен. Сыз бен ызғардағы қауырт жұмыс күні бүгінге дейін тыл ардагерінің сай-сүйегін сырқыратып, жанын әбігерге салатыны да рас. Бұл мақалада небәрі жетінші сынып оқып жүргенде сұрапыл соғыс басталып, жасөспірім кезінен бастап қара жұмыстан қаймықпай, тағдыр маңдайына жазған ауыр мехнатты арқалаған Ұлан ауданы Қызылсу ауылының тумасы Дүзбайлә Қадырбаева жайлы баяндалмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Жастайымнан мехнат көрдім»

Дүзбайлә әженің шаңырағына мамыр айының жетісі күні атізін салдық. Келіні Ардақ апайдың «апамыздың сәл денсаулығы болмай тұр» деген сөзінен соң Жанұзақ ауылының қазынасына айналған көнекөз қартпен дидарласа алмай кетеміз бе деген күдікті ойдың көңілге келгені жасырын емес. Сәтіне орай, әжеміз бойын тіктеп, «сізбен жолығуға қонақтар келді» дегеннен болар, реңіне жылу жинап, ауыру-сырқауды бір сәт ұмытқандай болды. 1925 жылдың 9-шы мамырында Қызылсу ауылында өмірге келген Дүзбайлә әже «жастайымнан ауыр мехнат көрдім» деп жиі айтуының сыры неде екен деп әңгімесіне құлақ түрген едік Екінші дүниежүзілік соғыс алауы жер-жерді шарпып, ол уақытта жетінші сыныпта оқитын жерлесіміз сол күйі оқу жылын аяқтай алмай, дабылды жағдайға қарай ғұмыр ағысына бейімделе бастады. Оқу жылын аяқтай алмады дейміз, еш ескертусіз баса-көктеп кірген жау қолы білім алу тұрмақ, соның ошағы саналатын мектептердің өзін бомбалап, Жер-ананың бетін әбден айғыздаған еді. Ал майдан даласына әжейдің төрт ағасы аттанып, кейін екеуінен қара қағаз келген. Еңіреп жылаған анасы да шарасыздықтан ойы сан-саққа кетіп, келер күннен не күтерін білмей әбден абдырайды. Дүзбайлә әжеміздің соңынан ерген екі бауыры мен сіңілісі еңбек араласуға әлі кішкентай еді. Әкесі Қадырбай да белгілі себептерге байланысты тыл жұмысына қалдырылды.

– Әлі жасөсіпірім болсам да біртіндеп ауыр еңбекке араласа бастадым. Шешем иығына күрегін іліп, жол жөндеп, оны тегістеуге жұмылдырылды. Өзімнен кіші бауырларыма бас-көз болып мен қаламын. Ол уақытта шай да, нан да жоқ еді. Анамыз жалғыз сиырдың сүтін ірітіп, ірімшік қылып қалдырып кетеді. «Қайнат» дейді, қайнату қолымнан келмейтін. Әйтеу ырымын жасап, қызартып қойған боламын, – дейді әжеміз сол жылдары талғажау етер тамақ болмағанын еске алып.

Ерте есейтіп, еңбекке араластырды

Жанұясының айбынды қорғаны, сөзі мен ісі нық Қалиақбер ата ретін тауып, ақбоз атымен Тарбағатай өңірінен астық тарттырып әкелген. Аузы құнарлы тағамға енді тие берген отбасының берекесін бұзып, қарбалас уақыттағы әр күнін күдікпен атыратын шаңырағын ортасына түсіріп, НКВД-нің жандайшаптары үйге баса-көктеп кірген. Отағасын қан-жоса етіп сабап, әкелген бар астығын тартып әкетеді. Жығылғанға жұдырық деген осы болар, мұндай қысым сол заманда талай жанұяның үреймен ұйықтап, күмәнмен таң атыруларына себепші болады. Сынаптай сырғып өткен уақыт Дүзбайлә әжені ерте есейтіп, ауыр еңбекке араласуына мәжбүрлейді. Табиғатында пысықтығы мен өжеттігі бар жерлесіміз басына түскен қандай істі болсын ұршықша иіріп әкеткені өтірік емес.

– Бір күні «Украинадағы қызыләскерлерге жылы киім қажет» деген бұйрық шығып, мені Өскеменнің іргесіндегі ФЗО-ға әкетпек болды. Сөйтіп Тарханка ауылына барғанымызда менен жасы ересектеу қызды алып, мені тыл жұмысына қайтарды. Шұлық, биялай тоқып үйреніп, кеудетон тігіп, түнделетіп майданға жібердік, – дейді қария.

Елең-алаң заманда Дүзбайлә әжей тұрмысқа шығады. Он сегізге қараған шағы. Сұм соғыс жұбайы Қалиақбер атаның ағаларын жалмап, қаралы хабарын еселеп жіберген. Келін болып түскен шаңырақта аза тұтып, қайғыдан қан жұтқан отбасы мүшелері аз емес-тін. Ерінен айырылған екі жесір жеңгесі, екі жесір әже, одан бөлек, өмірдің жойқын соққысына әлсін-әлсін шыдас беріп отырған жандар бар, Дүзбайлә әже жеті адамның ортасына кеп орнығады. Бұралаң өмір балалық шағынан тым ерте айырған әженің істемеген жұмысы, көрмеген қиындығы жоқ. Комбайнға шығып мая-мая астық аударды, сауыншыларды тасыды, сол астықта жүріп комбайн теміріне бір саусағын да беріп, кейін оны кестіруге мәжбүр болды. Асқазаны шұрылдап, бойдан әл кете комбайншылармен бірге шелектегі суық бидайды қуырып жеп, күн көрді. Бұл уақытта жанұяда жасы келген қос әже, Қалиақбер атаның қарындасы, тағы бірнеше жақыны бар – барлығының асын әзірлеп, кірін жуып, қажет болса киімін бүтіндеп, үй шаруашылығын бір өзі арқалаған да осы Дүзбайлә әже болыпты. Өмір мен өлім үшін жанталаса шайқасып жатқан сұрапыл жылдарда қолға алған тірлігінен ұшқын беріп тұрған қарттың пысықтығы ғой барлығына үлгеріп, уақыт ағымына ілескені. Алтын құрсақты әжеміз сегіз баланы өмірге әкелген. Алайда бір ұлы әскери борышын өтеп келген соң өмірден өткен. Ұл-қыздарын жеткіземін деп өгіз жегіп, Қараөткелге қанар-қаптарға тиеп тұқым тасыған күндері де болыпты.

Шартты фотосурет

Тағы бір ауыртпалық арқаны

Ауыртпалықтың іргесі 70-ші жылдарға қарай сөгіле бастайды. Өмір жолындағы қалтарыс-бұлтарысқа толы кезеңдерден қабырғасы қайыспай өткен қайсар әйел отағасы Қалиақбер атамен осы жылдары Жанұзақ ауылындағы дүкенде жұмыс істейді. Балалық шағын тылдағы жұмысқа айырбастаған жерлесіміз қолды-аяққа тұрмай, еңбекқорлығын ту етіп, сегіз баласын жеткізді. Ауыртпалық арқаны мойнына ілінген тағы бір – Қалиақбер ата қан майданнан қолы сынып, аяғынан ауыр жарақат алған еді. Ем-дом болар жерлерге жиі апарып, ол жақтан еш үміт болмаған соң ақыр соңында арқасүйер ерінің күтімін өз мойнына алады. Айтпақшы, сұрапыл соғысты көрген атамыз да біршама көзі ашық, көрген-түйгені мол жан болған екен. Өзекті мәселелерді өз деңгейінде көтере білген азамат аудандық «Социалистік майдан» газетінің жауапты хатшысы, кейін әдебиет бөлімін басқарған екен. Аудандық комсомол комитетінде хатшы қызметін атқарып, Семейдегі партия-совет мектебін ойдағыдай тәмамдайды. Ұландық бірқатар еңбек ардагерлерінің мәліметінше, соғыс басталғанға дейін Қалиақбер ата аудандық газеттің қозғаушы күшіне айналып, мазмұн жағынан қалыптасуына сүбелі үлес қосқан жан. Өзі Дүзбайлә әжейден 12 жас үлкен. Бірі – пысық, бірі өжет қос тағдыр Жанұзақтағы жұбы жазылмаған үлгілі жанұя болғандығы да жасырын емес. Дегенмен, ең қызығы мынада. Қалиақбер атаның біздің өлкеден шыққан тұңғыш әскери журналист болуы мүмкін деген ой да жоқ емес. Аудандық газет тігінділерінің бірін ақтарғанымызда Қалиақбер Нысановтың атақты Панфилов дивизиясында әскери журналист болғандығы да жазылған.

Әйгілі жасақта әскери журналист болған

– Кешегі журналист Қалиақбер Нысанов бүгінгі күні аты аңызға айналған осы Панфилов дивизиясының жауынгері болу құрметіне ие болды. Журналист ретінде ол дивизия басшыларының шешімімен «Майдан» газетінің жауапты қызметкері болып тағайындалды, – делінген.

Мәлім болғандай, әу баста айтқан отағасы, кейінірек әскери журналист болып қан майданда ақпарат жинап, от пен оқтың арасында жүрген Қалиақбер ата ауыр контузияның зардабынан өмірінің соңғы күндеріне дейін жаны қиналса да, сырт көзге сыр білдірмеуге тырысып баққан. Дүзбайлә әже де әр сөзінде жұбайына деген риясыз сезімін, бірге кешкен ғұмырындағы екеуара үндестіктің берік болғанын сантүрлі мысалдармен жеткізіп отырды. Өткен күннің өкінішті сәттері аз болғанымен, өткінші ғұмырға өкпесі жоқ. Қара суық пен сарышұнақ аяздағы қауырт жұмыс кезінде қол-аяғынан өткен сыз сай-сүйегін сыздатып, еріксіз жылап жібереді. Дегенмен қайсар әже қуатсыз жанарына үйірілген жасты шытының бір шетімен сүртіп алды.

Түрлі мехнат көрген ақсары өңді әжей мамыр айының тоғызында, яғни Ұлы Жеңіске 75 жыл толуымен тұспа-тұс келген күні тоқсанның бесеуін толтырды. Жаратқан ие жәрдем берсе, қарияның көрер қызығы әлі алда. Асыра сілтегеніміз емес. Әңгімеміз соңына таяғанда анасына мейірімін төгіп, ақ пейілмен қарайласып жүрген келіні Ардақ апай мен ұлы Дулат Нысановқа алғысын жаудырды. Айтуынша, шаңырақта ешбір жан тыл ардагеріне қабақ шытқан емес. Ұлы Абай «Адамның бір қызығы бала» деп келтірген өлең шумағын осы арада мысал ретінде алуды жөн көрдік. Нұрлы жүзінен жылылық төгіліп тұрған Дүзбайлә Қадырбаевның 20-ға тарта немересі, 40-тан астам шөбересі бар. Ол ол ма, Тәңірі маңдайынан иіскеуге жазған 3 шөпшегі де әулетке жазған сый болар. Өзі жаратылысынан еті тірі, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді құп көрмейтін буырыл шашты келіншек пен қайраты тасып тұрған шағында аудандық ақпарат айдынында еркін көсілген өжет азаматтың қосылуынан осындай өркені жайылған әулетке айналуы заңдылық деп білеміз. Мүмкін қыз күнінде ауыр мехнат көріп өскен Дүзбайлә әжеге Жаратқан ие қартайған бейнетінің зейнетін көруді бұйыртқан шығар.

Әділхан ЕСІМХАНОВ