Зайсан ауданында тұрғын үйлерге газ құбырларын тарту құны қанша теңгені құрайды?

1485
көрілім

Биыл Зайсан ауданының 8 елді мекенін газбен қамтамасыз ету жұмыстары басталуы мүмкін. Бұл жөнінде 11 наурыз күні өткен облыс әкімдігінің кеңейтілген аппарат кеңесі барысында айтылды. Дегенмен үйлерін көгілдір отынмен қамтамасыз етіп, көсегелерін көгерткісі келетін көптеген зайсандықтар әлі де оның нақты бағасын біле алмай отыр. Ауласының аузына келген газ құбырын үйіне бұрудың нақты бағасын біле алмаған ауылдықтар амалсыздан газет редакциясына қоңырау шалып, анықтап беруді сұрады.

 

Биыл да жалғасады

- Ел аумағын одан әрі газдандыру бойынша бесінші әлеуметтік бастаманы іске асыру мақсатында облысымызда арнайы „Жол картасы„ әзірленіп, жұмыс тобы құрылған. Қазіргі уақытта Зайсан ауданын газдандыру жұмыстары жалғасуда. 2015 жылы «Тарбағатай-Мұнай» кәсіпорны Зайсан қаласындағы автоматтандырылған газ бөлу станциясы мен 9 елді мекенге газ құбырларын тарту жұмыстарын аяқтаған болатын. Биылғы жылдың 1 наурызындағы жағдайға сүйенсек, Зайсан қаласындағы 5035 үйдің 2320-сы газ құбырына қосылған. Бұдан бөлек, бес мектеп пен 88 коммерциялық және 17 бюджеттік ұйымдардың нысандары қосылды. 2018 жылы Зайсан ауданының Айнабұлақ, Кеңсай, Қарабұлақ, Қайнар, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал және Үлкен Қаратал сияқты 9 елді мекенінің ішіндегі үйлерге газ тарту жұмыстары аяқталды, - деп ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхат Букатов мәлімдеді.

Қазіргі уақытта аталмыш ауылдардағы тұрғын үйлерді газ құбырларына қосу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтқан жауапты тұлға 2065 үйдің 970-нің орталықтандырылған құбырға қосылғанын алға тартты. Өткен жылдың маусым айында аталған ауылдардағы газ құбырлары «Тарбағатай-Мұнай» ЖШС-нан аудан әкімдігінің теңгеріміне өткен. Нысандарды күтіп-ұстауға кететін жыл сайынғы шығын 227 миллион теңгені құрайды.

- 2019 жылға облыстық бюджеттен 40 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта Зайсан ауданының Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сартерек, Жарсу, Бақасу және Саржыра сияқты 8 ауылына газ құбырларын жеткізу және ауыл ішіндегі үйлерге тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Бұл жобаның жалпы құны 86 млн. 600 мың теңгені құрайды. Мемлекеттік сараптама жүргізу үшін қосымша 12 млн. 343 мың теңге бөлінді. Қазіргі уақытта ауылдарға құбырларды жеткізу жобаларының жобалық-сметалық құжаттамасының мемлекеттік сараптамасы толықтай алынып, Энергетика министрлігіне бюджеттік тапсырыс жолданған. Ал ауылдар ішінде газ тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары әлі әзірлену үстінде, - деп қосты лауазымды тұлға.

 

Орташа құны белгілі

Зайсан аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғатбек Бықаевтың айтуынша, жеке тұрғын үйге газ тартуды үй иесінің өзі шешетін көрінеді. Үйге газ тартатын жағдайда "ҚазТрансАймақ" акционерлік қоғамының облыстық филиалына өтініш берген соң әрі қарай жоба жасалынып, аталмыш кәсіпорын мамандары тұрғын үйге құбыр тарту жұмыстарын жүргізеді.

- Үйге газ тарту жоба бойынша орта есеппен 100-180 мың теңгеге атқарылады. Бұл тұрғын үйден бастап магистральді газ құбырымен арадағы қашықтыққа байланысты. Құрылғылар құны орта есеппен 130-180 мың теңгені құрайды. Ал құрылғыларды орнату-монтаждау жұмыстарының құны 50-80 мың теңге аралығында. Қосымша жылу жүйесін тарту қажеттілігі болса, мысалы радиаторлар мен батареялар орнататын жағдайда оның бағасы 70-160 мың теңге аралығында болмақ. Себебі аудан бойынша жылу жүйесі тартылмаған үйлердің саны көп. Көпшілігі отын-көмір жағатын кәдімгі пешпен ғана отыр. Осылайша бір тұрғын үйді газ құбырларына қосу орташа есеппен 280-450 мың теңгені құрайды, - дейді Талғатбек Файзрахманұлы.

 

***

 

Жалпы, бүгінгі таңда Зайсан ауданында табиғи газдың 1 текше метрі 11 теңгені құрайды. Әр үйге немесе ғимаратқа есептеуіш құрылғылары орнатылады. Бөлім басшысының айтуынша, аталмыш есептеуіш құрылғының көрсеткіштеріне сәйкес, әр отбасы айына орта есеппен үйді жылытуға, тамақ пісіруге орта есеппен 4000 – 5000 теңгені құрайтын көрінеді.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: ашық дереккөз