Зайсанда 1 жарым миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған мектеп есепшісі сотталды

1286
көрілім

Зайсан ауданы Айнабұлақ орта мектебінде бас есепші болып жұмыс істеген әйел ай сайынғы жалақысын аздық етіп, заңсыз жолмен пайда таппақ болған. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты өз есепшотына аударып отырған азаматша 4 жылдың ішінде 1,5 миллион теңгеден астам пайда көріпті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Айнабұлақ орта мектебі директорының бұйрығымен бас есепші лауазымына тағайындалған Айжанат Серкебаеваға (аты-жөні өзгертілген) қаржы шаруашылық және банк құжаттарына екінші қол қою құқығы берілген. Еңбек келісімшартына сәйкес оған білім ордасының қаржылық қызметіне бухгалтерлік есепті ұйымдастыру, мүліктерді сақтау, материалдық, еңбектік, қаржылық қорларын есепке алу және тағы басқа міндеттер жүктеледі. Бастапқы бір жылда әйел адам өз жұмысына тиянақты қарап, ұжымға оңай сіңісіп кеткен. Уақыт өте келе арқасын кеңге салған Айжанат пайдакүнемдік ниетпен өзінің қызметтік бабын асыра пайдаланып, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты жымқыруға бел байлайды. 2014 жылдың қаңтар айынан бастап әр ай сайын 2018 жылдың қазан айына дейінгі кезеңде «Қазынашылық-Клиент" ақпараттық жүйесі арқылы «111» (еңбек ақы төлемдері) және «113» (өтемақы) ерекшеліктері бойынша жалған электронды төлем шоттарын жасаған. Осы әдіспен зайсандық азаматша өзіне қосымша еңбекақы және өтемақы төлеу түрінде жалған мәліметтер енгізіп, «Халық банк» есепшотына жалпы сомасы 1 692 794 теңге аударыпты.

Зайсан аудандық сотында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындады. Ол өзінің осындай заңсыз әрекетке денсаулық жағдайына байланысты барғанын, онкологиялық диспансерде есепте тұрғанын, осыған дейін 3 рет ота жасатқанын айтты. Жәбірленуші тарап ретінде келген мектеп өкілдері бүгінде материалдық залалдың толықтай қайтарылғанын, сотталушыға ешқандай талап қоймайтынын жеткізді.

Сот үкімі бойынша 28 жастағы Айжанат Серкебаева ҚР ҚК-нің 189-бабы, 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық Банкінде және жарғылық капиталында мемлекет үлесі елу пайыздан асатын ұйымдарда өмір бойына жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Асқар ТҰМАРБЕК