Жаңа нысандар бой көтермек

280
көрілім

Жақын жылдары Глубокое ауданында жаңа Мәдениет үйі, сауықтыру кешені мен жылыту қазандығы бой көтеріп, бірқатар елді мекендердің кәріз жүйелері жаңартылады. Бұл жөнінде Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары алдында баспасөз мәслихатын өткізген Глубокое ауданының әкімі Қалиқан Байғонұсов хабарлады.

- 2018 жылдың 27 ақпанында өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында біздің ауданға денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу мақсатында 150 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу туралы шешім қабылданды, - дейді Қалиқан Байғозыұлы. - Қазіргі уақытта біз конкурстық шараларды өткізуге құжаттарды әзірлеу үстіндеміз. Облыс орталығының іргесінде орналассақ та ауданымызда сауықтыру кешенімен қатар Мәдениет үйі де жоқ. Балалар шығармашылығы үйін Мәдениет үйіне қайта жасақтап, барлық мәдени шараларды сонда өткізуге мәжбүр болып жүрміз.

Қазіргі уақытта аудан орталығына Мәдениет үйін салу үшін 700 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылғанын алға тартқан аудан басшысы аталмыш мәселенің де биылғы жылы бір шешімін табатынын айтады. Сонымен қатар, Глубококе кентінде сонау Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде іргетасы қаланған үш қазандықтың бүгінде тозығы жеткен. Осы ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында түрік компаниялары аудан орталығына жаңа қазандық салып бермек ниетте, ал 110 миллион теңге қаржы қарастырылған тағы бір жоба Алтай кентінің кәріз қалдығы төгілетін тазартқыш нысандарын жаңартуға бағытталмақ.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ