Жәрмеңке өткізіп жатқан күршімдіктер «Үміт» балалар үйіне де бармақ

265
көрілім

Бүгінгі жәрмеңкеге жеті ауылдық округтен ауылшаруашылық тауар өндірушілері келді. Келушілердің айтуынша, сауда барысы түс ауа қызады, көбінің көздегені ет өнімдері, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудан әкімдігі өкілдері шараның Рамазан айымен тұспа-тұс келгенін атап өтіп, ауылдан қолжетімді бағадағы сәлемдеме молынан әкелгендерін алға тартты. Күршімнен қалаға 6,7 тонна мөлшерінде өнім жеткізілді. Оның ішінде: жылқы еті – 2,2 тонна, сиыр еті – 1,5 тонна, қой еті – 800 келі, бір-бір тоннадан балық пен бал және басқа да ұлттық тағам өнімдері саудалануда.

– Барлығы 12 млн 200 мың теңгенің өнімі сөрелерге қойылды. Жылқы етінің бағасы – 2400 теңгеден, қой мен сиыр еті – 2100 теңгеден, ал балдың бір келісіне 2200 теңге деген баға бекітілді. Құрт, май, ірімшік сияқты жеңсік тағамдар жеткілікті мөлшерде, – деді аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Альбеков.

Қала тұрғындарының сөзінше, осындай жәрмеңкелер көктем айларында жиі өткізілсе жақсы. Себебі, ағза түрлі дәрумендерді қажет етеді. Оған қоса, араларында ауыз бекіткен жақындарына ауқатты тағам әзірлеп беруді жоспарлағандары бар. Айталық, Айдос Жақсыбеков есімді азамат сенбінің таңында күршімдіктер келеді дегенді естіп, жылқы етін алуға арнайы келген. Кешкісін қонақ шақырып, ауылдың дәмін татқызуға ниет еткен. Енді бірі қаламен салыстырғанда бағасы қолжетімді болған соң жәрмеңкелерден қалмайды.

– Бекітілген бағасы көңілден шығады. Осы жолы ет алуға келдік. Дәмді болатын шығар. Мүмкіндігінше, әр сенбіде келіп тұрамын. Кейде құрт, ірімшіктен де сатып аламыз, – деді Толғанай Сәрсенбаева.

Қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар шара өтетін орын деп «ТНП» дүкенінің көлік тұрағы таңдалғанына әлі үйренісе алмай жүргендерін айтты. Себебі, оған жету үшін «Спорт кешені» аялдамасынан түсіп, жерүсті өткелін еңсереді. Одан шыққан соң тағы бір аялдамадай қашықтықты бағындырып, діттеген жерге барады. Амалсыздан қанар-қаптарын көтеріп, таксиге қарай беттейді. Дегенмен аудан әкімдігінің өкілдері алдағы уақытта жәрмеңкеге келушілер қарасы молайып, көпшілік бұл өзгеріске де бой үйрететіндіктеріне сенімді. Мейіржан Альбековтің сөзінше, қазіргі орынның аумағы біршама кең, әрі сауда жүргізуге қолайлы.

– Осы жәрмеңкеге ауданымыздың өнерпаздары арнайы келді. Аудан әкімі Алмат Талғатұлының бастамасымен «Үміт» Балалар үйіне барып, концерттік бағдарлама ұсынып, қайырымдылық шарасын өткіземіз. Ол жерге де Газельге тиелген қой еті, картоп, сары май және тағы басқасы жеткізілмек. Аудан басшысы бекіткен қаржылай сыйлықты да табыс етпекпіз. Наурыз мейрамы қарсаңында бүлдіршіндерді құттықтап, қуаныш сыйласақ деген ой, – деді жауапты тұлға.

Қайырымдылық шарасы былтыр желтоқсан айында да ұйымдастырылған көрінеді. Арада біраз уақыт өтіп, қасиетті Рамазан айында «Үміт» патшалығына тағы бір атізін салмақ. Ал жәрмеңкеге қатысты Мейіржан Альбековтің ойы сол, бұл халыққа да, шаруа қожалықтарына да тиімді.

– Себебі, ауылда мал өткізу көпшілігіне қиынға соғып жатыр. Алдын ала хабарланып, өнімдерін қалаға әкеліп сатса, екі тарапқа қолайлы. Арзандатылған бағада ет-май сатып аламын деген тұрғындар да ұтылмайды, – деді ол.

Бұған дейін Өскеменге 12 ауылдық округтен келіп тұратын. Жоғарыда жазғанымыздай, бұл жолы жетеу. Марқакөл жеке аудан болғалы бес ауылдық округ сонда қарайды. Рүстембек Кемешов уақытша аудан әкімінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Мейіржан Альбековтен аудандардың бөлінуін ескеріп, қандай өзгерістер болып жатқанын сұрадық.

– Біріншіден, экономикалық жағын ескеру керек. Үлкен шаруа қожалықтары болсын, өнеркәсіптер болсын, солардан түсетін салық мөлшері өзгереді. Бірақ қай жағынан алып қарасақ та, қуануымыз керек. Өйткені, Мемлекет басшысының саясаты шекаралық аудандарды дамытуға бағытталған. Екі аудан бөлінсе де, Марқакөлмен үнемі қоян-қолтық жұмыс істейміз. Территориямыз, штабтық бірліктеріміз бен көліктеріміз бөлінді. 26 жыл бірге болған екі ауданның достығы мен байланысы үзілмек емес, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Әділхан ЕСІМХАНОВ