66 келіге дейінгі салмақта Олимпиада ойындарына кім барады?

3220
көрілім

Күні кеше Халықаралық дзюдо федерациясы олимпиадалық іріктеуден өткен спортшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Күншығыс елінің астанасында ел намысын алты спортшы қорғамақ, кейбірінің есім-сойы қалың жанкүйерге белгілі, ал екі салмақта әзірге нақты шешім шықпады. Айталық, бұрымдылар арасында 2016 жылы өткен Рио Олимпиадасында қола жүлде иеленген Галбадрах Отгонцецег (48 келі) татамиге беттесе, ерлерден 60 және 66 келіге дейінгі салмақта қос спортшымыз бапкерлер талқысына түсіп отыр. Жалпы, бес спортшының төртжылдықтың басты бәскекесіне қатысу үшін жинаған ұпайы жеткілікті. Тек бапкерлер тарапы қос салмақ хақында жуық арада бір шешімге келмек. Айталық, 60 келіде Олимпиада ойындарының күмісін иеленген Елдос Сметов пен жуырда өткен Әлем чемпионатында тұғырдың екінші сатысына жайғасқан Ғұсман Қырғызбаев екеуінен лайықтысы анықталмақ. Дәл осындай жағдай 66 келіге дейінгі дәрежеде де қайталанды. Жерлесіміз Ерлан Серікжанов па, әлде Елдос Жұмақанов па? Таңдау жасауда жаттықтырушылар құрамы шәкірттерінің көрсеткен нәтижелері мен халықаралық додалардағы аяқ алысын бағамдап, ой таразысын салатындары сөзсіз. Не де болса жуықта ресми ақпараттың жарияланатыны анық. Олимпиада ойындарында әр салмақта тек бір спортшының өнер көрсететінін ескерсек, 60 және 66 келі салмақтағы екеуінің есімін көпшілік әрқалай топшылап отыр. 73 келіге дейінгі салмақта Жансай Смағұлов өз мүмкіндігін байқаса, 81 келіге дейінгі дәрежеде Дидар Хамза құрлықтық квота арқылы жолдама иеленді. Сондай-ақ 90 келіге дейінгі салмақта Ислам Бозбаев Токио төрінде татамиге беттемек.

Дей тұрғанмен 66 келіге дейінгі салмақта үржарлық Ерлан Серікжановтың Жапонияға жол тартуына тілекші екендігімізді жасырмаймыз.