ШҚО-да сәуірден бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері артты

354
көрілім
Шартты фотосурет

Осы жылдың сәуір айынан бастап зейнетақы мөлшері 4 пайызға артты. Жауапты тұлғалар мұның себебін ең төменгі күнкөрiс деңгейi шамасының өзгеруімен байланыстырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сәуір айының 1-нен бастап айлық есептік көрсеткіш – 3 180 теңге, ең төменгі зейнетақы – 48 032 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 37 389 теңге, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 20 191 теңге мөлшерінде бекітіліп отыр.
– Осыған орай, 2022 жылғы 1 сәуірге дейін тағайындалған жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері алынатын мөлшерден 4 пайызға, сондай-ақ айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты жәрдемақы төлемдерінің мөлшері арттырылды, – деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаментінің басшысы Серік Саятов.
 Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлері биыл сәуір айының 1-нен бастап көтерілді. Ескеретін жайт, өткен екі айдың ақысы маусым айының төлемдеріне қосылып төленеді.
– Осы ретте шілде айында зейнетақы мен жәрдемақыларды алған кезде «Өткен айдан неге аз?» деген сұрақ туындамас үшін, департамент мамандары бәрін тәптіштеп түсіндіріп берді. Мысалы, егер толық көлемде еңбек өтілі бар зейнеткердің жасына байланысты зейнетақысының мөлшері 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 70 000 теңге болса, 2022 жылғы 1 сәуірден бастап 4 пайызға арттыруды ескере отырып, 72 800 теңгені құрайды (70 000 теңге*4% – 2 800 теңгеге ұлғаяды), – делінген Өңірлік коммуникациялар орталығы ұсынған мәліметте.
Шілде айынан бастап қалыпты зейнетақы беріле бермек.