Абай аудармалары қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтерген

329
көрілім

Абай – философ, ақын, ұлы ойшыл және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Жалпы қазақ тарихында Абайдан асып туған ешкім жоқ та шығар. Шыңғыс Айтматов айтқандай, Абай өз халқының интеллектуалдық, моральдық және рухани мәдениетінің жарқын бейнесіне айналды. Ақын сөздері әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Халық оның қағидаларына сүйеніп өмір сүрсе, ақын мәңгі жасайды деген сөз. Сол үшін хәкім Абай ешқашан да ұмытылмайды! Шығармашылығы арқылы ақын есімі ұрпақтан-ұрпаққа жете бермек.

Қазақ поэзиясына жаңа құбылыстар әкелді

XIX ғасырдың соңы. Ұлан-ғайыр далаға иелік еткен халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қаншама жылдар бойы сақталып келеді. Бірақ өнерге, білімге ұмтылған жұртты басқа ұлттардың мәдениеті де қызықтырғаны сөзсіз. Сол жылдары жарық көріп жатқан газет оқырмандарының ішінде орыс ақындарының шығармашылығымен де танысқысы келгендер кездесті.

Орыс ақындарының өлеңдеріне Абайдың да қызығушылығы болған. Бала күнінен орыс тілін үйренген ол жазушыларының, ақындары мен ғалымдарының еңбектерін көп оқыды. Әжесі Зере кішкентай Ибраһимнің әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятты. Ал тура жарты ғасыр бұрын бала Александрге күтуші Арина Родионовна ертегі оқып беріп отыратын-тұғын.

Абай өзінің сүйікті ақындарының бірі Пушкиннің шығармашылығына көп көңіл бөлгені жасырын емес – әуел баста өлеңдерімен танысса, кейіннен идеяларына және философиясына үңілді. Содан соң оның шығармашылығын зерттей отырып, қазақ поэзиясына жаңа екпін, құбылыс алып келді.

Абай Пушкин поэзиясының сұлулығын поэтикалық және идеялық жағынан жеткізуді мақсат етті. Аударма жұмыстары 1889 жылы басталып, орыс поэзиясынан елуден астам туынды көпшілікке жол тартты. Абай кейбір шығармаларды аударып қана қоймай, әнге айналдырды.

Әрине ақын өзіне ұнаған дүниені басқа адамдарға бөліскісі келді. Оның Евгений Онегиннен туындысынан жасаған аудармалары қазақ әдебиеті тарихында айқын құбылыс болды. Бірақ халықтың жүрегінен ерекше орын алғаны – «Татьянаның Онегинге жазған хаты». Себебі онда Татьянаның айтқаны әннің әуезіне салынған. Абай ең алғаш араб поэзиясынан сусындағандықтан оның әуені де ерекше шықты. Ақын әр қазақтың үйінде домбыра болғандықтан, осы туындының ел арасында тарай беретіндігіне шек келтірмеді. Осылайша «Татьянаның әні» дүниеге келген.

Жеті үзіндісін қазақшаға аударған

Абай Евгений Онегиннің жеті үзіндісін қазақшаға аударып, «Онегиннің өлердегі сөзі» өлеңін шығарды. Осыдан кейін басқа ақындар да Пушкин шығармаларын өзіндік нұсқада аудара бастады. Сондықтан Өскеменде екі ұлы данышпан – Абай мен Пушкиннің Қазақстан деп аталатын көшеде мүсіндері тұруы заңдылық.

Абайдың тағы бір сүйікті ақыны - Михаил Лермонтов. Хәкім ең бірінші оның «Бородино» поэмасын аударған. Сол туындыдағы мықты және намысты кейіпкерлердің толғаныстары оған жақын болды. Екі ақынның бұл рухани жақындығы аудармалардың жоғары сапасын қамтамасыз етті. Абай Лермонтовтың саяси, азаматтық, лирикалық шығармаларын ден қойып аударды. Сонымен қатар оның «Демон», «Молитва», «Кинжал», «Выхожу один я на дорогу», «Парус» атты шығармаларын аударған.

Абайдың аударма мұрасының аз зерттелген бөлігі де бар. Бұл Антон Делвиг, Яков Полонский және Иван Буниннің аудармалары. Олардың туындылары да домбыраның күмбірімен шырқалған.

Абайдың шығармашылығы қаншалықты тереңдей берсе, соғұрлым ол ақындық шыңға көтеріле түсті. Оның шығармалары қазақ халқы руханиятының сарқылмас, мәңгілік мұрасы. Абай туындылары қаншама жылдар өтсе өз маңыздылығын жоғалтпайды. Абай арқылы әлем Қазақстанмен танысады. Біз де әрқашан хәкімнің сөздерінен өзімізге кеңес алып, парасат-пайымдарынан ой түюге ұмтыламыз.

Абай аудармалары қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, екі халық арасындағы достықты нығайтуда үлкен рөл атқарды. Оның арқасында әртүрлі тілде сөйлейтін адамдар бір-бірін түсіне бастады. Хәкімнің аударма жасағандағы ерекше әдісі ақынның шығармашылығын зерттеушілерге негіз болғаны рас.

Абай аударма арқылы күллі оқырманды басқа елдің әдебиетімен таныстырды. Ал енді өз шығармалары арқылы әлемге қазақ халқының болмысын, тарихын, мәдениетін паш етіп келеді. Ұлы ақынның туындыларын өз тілдеріне аударып жатқан шетел ақындары оның ойларымен, өмірлік даналықтарымен әдебиеттерін ерекше байытуда.