Аққайнардағы амбулатория жабыла ма?

116
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Соңғы екі-үш жылда өңір көлемінде оқырмандар «ауылымыздағы медициналық мекеме жабылғалы жатыр» деп бірнеше мәрте шағым түсірді. Бұл жолы Катонқарағай ауданына қарасты Аққайнар ауылынан тұрғындар қоңырау шалып, осы түйткіл төңірегінде алаң білдірді. Жағдайдың ақ-қарасын білу үшін аудан әкімдігіне сұраухат жіберген болатынбыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Күрделі жөндеу жүргізілмеген
Ауыл жұртына әкімдік өкілдері мардымды ақпар ұсынбаған көрінеді. Науқастарға тұрақты ем-дом жасайтын орында не болып жатқанын бағамдап үлгермеген аққайнарлықтар «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» десті. Бірақ мұнда жол машақаты да бар.
– Кіреберіс жолдың жөнделмегеніне біраз болды. Амбулаторияның жөні бөлек. Жабылады дейді. Осыған мұқым ауыл болып қарсылық білдірудеміз. Жедел жәрдем көлігін де алып қойды. Амбулаториядағы ақ халаттылар көмегіне төрт ауылдың тұрғындары келіп жүгінеді, – деді Айдар Елубаев (аты-жөні өзгертілген).
Ресми ақпаратқа сәйкес, Аққайнар ауылдық округінде 1484 адам тұрса, аталған елдімекендегі қара саны – 682. Көптің толқынысын туғызған дәрігерлік амбулатория 2013 жылы салынып, ауылдастар қыркүйек айының 13-і күні соның ашылуының куәсі болған көрінеді.
– Қазіргі жағдайы орташа. Ішкі келбеті орта деңгейде, сырт жағында баспалдақтары ескірді. Тиісті құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Ашылған уақыттан бері 2019 жылы кабинеттері мен дәліздері толықтай сырланды, – деді ауылдық округ әкімі Серетқан Құрманов.
Анығы сол, салынғалы бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Бұл туралы ресми жауапта да жазылды. Есесіне, жыл сайын ағымдағы жөндеуден өтіп отырады. Жергілікті жұрттың «амбулатория жабылуы мүмкін» деген күдігі бірнеше себеппен байланысты. Біріншісі, әкімдік қызметшілерінен әлеуметтік нысанды ұстап тұру үшін бюджет жеткіліксіз деген мәлімет естіген сыңайлы. Бұған қатысты округ басшылығы не дейді?
– Аққайнар ауылының дәрігерлік амбулаториясы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының 2024 жылғы №4 бұйрығына сәйкес, фельдшерлік-акушерлік пункт болып қайта ұйымдастырылсын деп жазылды. Бұның себебі сол, халық саны жетпейді, – делінген мәліметте.

Жол қашан жөнделеді?
Тұрғындар сөзінше, түрлі санаттағы науқастар үшін амбулатория жұмыс ырғағын төмендетпей, осы қалпында жалғастыра берсе тиімді. Соңғы жылдары көшіп жатқандар қарасы да аз сияқты. Айдар Елубаев 682 деген статистиканы «1000-нан астам адам тұрады» деп өзгертті. Сандар қалай құбылса да, жұрт күдігі бекер болмаған. Серетқан Құрмановтың айтуынша, қазіргі уақытта амбулаторияда 12 адам жұмыс істейді. Оның ішінде: бір медбике, алты акушер, бір қамту қызметкері, бір-бір қазаншы мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі бар. Кадр тапшылығы жоқ деп жеткізді.
– Құрал-жабдықтар толық, тек техникалық зертхана жұмыс істемейді. Соңғы үш жылда мұндағы ақ халаттылар біліктілігін арттыру курстарына барған жоқ. Қазіргі уақытта төрт маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде жұмыс істеп жатыр, – деді әкім.
Ауылдастар наразылығынан түйгеніміз, оларға амбулатория ашылғалы бері жалғастырған екпінді жұмысы қолайлы. Оқырмандар жыл басталғалы кенеттен болған өзгерісті Үлкен Нарын жеке аудан болғалы, белгілі бір мөлшерде қаржының сол жаққа бөлінуі кәдік екенін айтты. Бірақ мұның ресми ақпараты жоқ. Аққайнарлықтардың әлі алдағы болар өзгерістің байыбына барып үлгермегендерін ескерсек, әкімдік өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізеді деген сенімдеміз.
Ал жол жағдайына келсек, Жаңа Үлгі – Аққайнар бағытындағы учаскені асфальттау 2022 жылы басталыпты. 2023 жылы бес шақырымға төсеніш салынып, қалған бөлігін жөндеу 2024 жылға жоспарланған.
– Ауылға бұрылыс Абай көшесін қамтиды. Оны асфальттау бойынша осы жылы 120 млн 272 мың 841 мың теңгеге бюджеттік өтінім әзірленіп, құзыретті мекемелерге тапсырылды, – деді Серетқан Құрманов.
Жауапты тұлға, берілген мәліметін қорытындылап, амбулаторияға қатысты мәселе облыс көлемінде қаралып жатқанын алға тартты. Демек, оның фельдшерлік-акушерлік пункт ретінде қайта ұйымдастырылуы туралы кесімді шешім әлі шыққан жоқ.
Әділхан ЕСІМХАНОВ