Алтай ауданында мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спартакиада өтті

113
көрілім

Алтай қаласындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ерекше спортшылар үшін қызықты фестиваль өткізілді. Аталған шараға Алтай №2 мектеп-интернат оқушылары мен Өскемендегі қызмет көрсету колледжінің студенттері де қатысты. Үздіктер спорттың алты тәртібі бойынша анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудан орталығында жарысты тамашалауға келгендер қарасы аз болмады. Орталық алаңда жұрт айқай-сүреңге басып, қауқылдасып, барлығы мәре-сәре болды. Пандемия көпшілігін үрейлендіріп, барлық шаралар өткізілмегеннен болар мүмкіндігі шектеулі жандар бұл жолы әр сайыста барын салды. Ептілік, жылдамдық, күш – жүлде алуға талпынған әр спортшының бойынан табылуы тиіс еді. Дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан Алтайдағы фестиваль бұл жолы облыстық деңгейде өткізілді. Өз мүмкіндіктерін паш етуге жиналған оқушы, студент, жастар және ересектер өзара «кім мықтыны» анықтап қана қойған жоқ, емен-жарқын әңгімелесуге мүмкіндік алды. БЖСМ басшылығы келген меймандарды жақсылап күтіп алды. Шараның ашылуы мемлекеттік туды шығарып, әнұран айтудан басталды. Аудан әкімі Ернар Мұстафиновтың атынан сөз алған әкімнің орынбасары Жанна Асқарова қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Құрметті спортшылар, осындай ауқымды жарысқа қатысып жатқан әрбіріңіз жеңімпазсыздар. Онымен қоса бұқаралық спортты дамытуға елеулі үлес қосып жатырсыздар. Ешбір кедергілерге қарамастан облыстың әр өңірінен келіп, бір жерге жиналғандарыңызға алғыс білдіргім келеді. Фестиваль қатысушыларына шын жүректен амандық, отбасыларыңызға береке тілеймін! Ойлағандарыңыз іске аса берсін әрқашан!

Әкімнің орынбасары бұл адамдардың күнделікті өмірлерінде қолұшын беріп, жемісті еңбек етіп жүргендерді атап өтті:

– Мүгедек адамдарға жылы шырай танытып, көмектесіп жүрген әлеуметтік қызметшілерге, ұстаздар мен дәрігерлерге ризашылығымды білдіргім келеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға әркез назар аударатын жандарға деген құрметіміз ерекше. Оларға әрқашан білікті, сенімді болу қажет. Олар өздеріне артқан үдеден үнемі шығып келеді. Мұндай ерекше тұрғындар алдындағы міндетіміз – олардың өздерін қоғамнан шет қалғандай сезінбеулерін назарда ұстау. Біздің ылғи да жәрдем беруге ұмтылып, қамқорлық танытуымызға қарай олар өздерін әрқашан сенімді ұстай алады.

Қатысушылар арасында үстел теннисінен түрлі халықаралық додаларда жүлдегер атанып, топ жарып жүрген Ұлан ауданының тумасы Ардақ Нұрмағамбетов те болды. Жеті жылдан бері айналысып келеді. Айтуынша, республикалық паралимпиада ойындарына қатысқан соң ықыласы пайда болған. Бірақ сол жарыста үздіктер қатарынан көріне алмады.

Жүзге жуық қатысушы спорт түрлеріне қарай топқа бөлді. Мүгедек арбасында отырғандары ядро лақтырып, үстел теннисін ойнап, қол күрестірді.

Басқалары аталған спорт түрлерінен бөлек, 100, 200 метрге жүгіріп, орнынан ұзындыққа секіру, шахмат, тоғызқұмалақ және дойбы ойнап, өз мүмкіндіктерін байқады.

– Алғашқы жарыс үстел теннисімен түпкілікті айналысуыма түрткі болды. Өте қызық. Кейде бірнеше сағат тоқтамай ойнай беруге болады. Нәтиже көп ұзамай-ақ байқала бастады. Арада аз уақыт өткенде Қазақстан чемпионы атандым, – деді ол. – Қол күреспен де айналысамын. Бірақ екі спорт түрінен жарыс қатар келсе, өте қиын.

Тағы бір Ұлан ауданының өкілі Төлеген Сәбитов те осы кезде сөзге араласты:

Мен спорттың екі түрінен қатысуды құп көрдім. Қол күресі мен ядро лақтыру. Ядроны алғаш рет лақтырып көрмекпін. Жарыс барысы өте қызық болып тұр. Осы қаланы бұрыннан білемін. Греховоға осыған дейін бірнеше рет келдім, оңалту орталығына атізін салғам. Алтайда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында түрлі жарыстар жиі болады деп естідім. Осы жолы сәті түсіп, бақ сынағаныма бек қуанышытымын, – деді қатысушы. – Спортшыларға деген қолдау керемет, осы жақтың халқы да ерекше.

Шемонаихадан алғаш рет команда келді. Көбінесе жеңіл атлетикадан бақ сынауға бекінген. Арасында қарт адамдар бар, соған қарамастан сергек, қозғалыстары шапшаң.

– Жасым 75-те. 14 жыл Қарттар үйінде тұрдым. Жүгірумен 12 жылдан бері айналысып келемін, – деді қатысушылардың бірі Владимир Морозов. – Ғалымдар айтқан: спорт – аурудан айығудың бірден бір жолы. Жүгіріп жазылып кетуге де болады. Ұзақ қашықтыққа жүгіруге дағдыланып жүрмін. 20-25 шақырымды еңсеріп отырсам, мен үшін жақсы көрсеткіш. Өзімді спортшымын деп айта аламын. Қалыптасып қалдым. Барлығына айтарым, спортпен айналысуға ешқашан кеш емес.

Жеңіл атлетика өтіп жатқан жақ небір қызыққа толы болды, жұрт у да шу. № 2 интернат оқушылары да белсене атсалысты. Ұлдар мен қыздар барлық қашықтықта өз бақтарын сынады.

– Оқушыларымыз жарыстың тұрақты қатысушылары. Бірақ бүгін жарысып, медаль алу үшін емес, бас қосып, бой жазу үшін келдік деп ойлаймын, – деді № 2 мектеп-интернаттың тәрбиешісі Олег Фишер. – Алған әсеріміз жоғары.

Қатысушылар арасында шығармашылыққа жақын, таланты бір басына жететін жандар бар. Тарбағатайлық Жұмабек Назархан фестиваль ашылуында шығармашылық нөмір ұсынды. Көру қабілеті нашар, алайда өнерлі. Баянда ойнағанда жұрт таң-тамаша болады. Дойбыдан спорт шеберлігіне үміткер, 20 жылдан бері үзбей қатысып келеді.

– Музыка десе елең етіп тұрамын. Спорт сияқты түрлі кедергілерді жеңуіме себепші. Баянды қолыма алсам болды, көңіл-күйім бірден көтеріледі, – деп жымиды ол.

Сөйтіп спорттық фестиваль мәресіне жетті. Әр санатта топ жарып, жүлде алғандар медаль, кубок, Алғыс хаттармен марапатталды. Бабы мен бағы қатар шапқандар бірнеше жүлде иеленді.

– Тапсырмалар қиын, еңсеру кезінде кедергілер болады. Он екі мүшесі сау адамдардар да сайыс кезінде аптығып, қиналады. Ал мына кісілердің жігеріне қарап, мүмкін емес ешнәрсе жоқ деген қорытындыға келесің, – деді қаладағы БЖСМ директоры Мұрат Байболов. – Фестиваль нәтижесіне қарап, спорт барлығының басын қосып, жақсы көңіл-күй сыйлайтындығына көз жеткіземіз. Кез келген қиындықты еңсеруге болады. Ерекше жандар өмірдің бар кереметі мен қызығын сезе біледі. Барлық қатысушы жеңімпаз.