Алтай аумағында мекендейтін құнудың әккілігі хақында

357
көрілім

Жануарлардың ішіндегі әсіре қатыгез әрі аяры қайсысы деген сауал көптің күнделікті болмаса да, оқта-текте есіне түсіп, сана сағымында әлдеқандай талас туындайтын шығар? Бірі аң патшасы арыстанды, бірі Арктикадағы ақ аюды, өзгесі қорқаулар мен қасқырларды сөз етіп жатады. Бұл да жаңсақ пікір емес. Орынды. Тек жануартанушылардың көптігі құнудан келер қауіп жоғары дегенге тоқталды. Дегенмен бұл материалда көпшілік пікірі емес, талай жыл тау кезіп, ну ормандарды аралаған жерлес орнитолог Борис Щербаковтың мысалдары да басшылыққа алынды.

Шақарланып шыға келеді

Бразилиялық кәмшаттан кейін құну – сусар тұқымдастардан ірілігі жөнінен екінші орында. Тұрқы тығыршықтай әрі жинақы келген аңға қарап «кішкентай аю ғой бұл» деген ойда қаласың. Оның ашуын жеңдіріп, айбат шеккен бойда жасаған әрекеттері жайлы түрлі әңгімелер айтылады. Сенесіздер ме, зерттеу мақсатындағы бейнетүсірілімдерде құнудың қасқыр мен аюды көргенде бір қадам да шегінбей, қарсы шапқан сәттері де бар. Сондықтан да болар, көп жағдайда онымен «тәжікелесіп» тұруды құп көрмейді көпшілік тағылар. Борис Щербаков бірден мінез-құлқына тоқталды. Жасырып несі бар, қимыл-қозғалысына өзі де тәнті. Айтуынша, «шектен тыс» ерекше жануар.

– Негізі сусар тұқымдастардың ішінде ақкіс те басқа бір тіршілік иесін көрсе, шақарланып, шиыршық ата жөнеледі. Ал сарғыш күзен мен бұлғын көбінесе ептілік пен әккілікке басады. Егер бұлғынның көлемі иттікіндей болса, адамзат атаулы жер бетінен жойылып кетер еді. Олар көбінесе тамақтан алады, – дейді Борис Васильевич. – Ағашқа да өрмелейді, қар бетімен жортады, керек десеңіздер суға малтағанда да алдына қара салдырмайды. Көзі қанталап, кек алуға көшсе аңның да, адамның да құтылуы екіталай.

Иенді қамтитын иісшілдік

Ал бұлардың бетке ұстар өкілі – өзіміз сөз етіп отырған құну. Жалпақ табанды, сондықтан да күпсек қарға ары кетсе бес сантиметр ғана кіреді. Жаратылысынан бет қаратпас аяздардың өзіне шыдас беруге қауқарлы. Танымал саяхатшының сөзінше, сусар тұқымдастардың ішіндегі құнудың терісі солтүстік пен оңтүстік жарты шарға табаны тиген зерттеушілердің киімінен табылады. Ал жүні бастапқы қалпын сақтап, түзде жүрген талай адамға шыңылтыр аязда біршама қорған. Жемтігін іздеп, аңшылық құрса иісшілдік түйсігі төрт мыңдай шаршы метр аумақты қамтитын көрінеді.

Имек тырнағы табиғаттағы өзге қарсыластарымен айқас барысында айтарлықтай сеп. Одан қалса, айрықша өткір тістері салған жерден кез келген жануардың сүйегін шытынатып жіберуі мүмкін. Орта ғасырларда ТМД аумағына саяхаттап келгендердің біршамасы басқасы басқа, дәл осы құнуды қызықтай жазған.

– Литва мен Мәскеу маңында өзі бір мешкей әрі түк пайдасы жоқ аң бар. Құну (росомаха) деп аталады, басқа жерлерде көзіме шалынған емес. Тұмсығы мысықтыкіне ұқсайды, тұрқы итпен шамалас. Денесі мен құйрығына қарап құдды бір түлкі ме деп қаласың. Түсі – қара, өлекселерді жеп күнелтеді, – деген екен поляк тарихшысы Матвей Меховский.

Алданған аңшылар

Дәл осы пікірге қарап, өзгелерге түк пайдасы жоқ болса да, ашыққан кезде «өзім дегенле өгіз қара күшім бар» деп барын салатынын айта кеткен жөн. Мәселен аңшылар құрған қақпанға жақындап келіп, алдарқату үшін қойылған етті асқан еппен тартып алып, адамзаттан айласын асырған сәттер өмірде аз кездеспеген. Осы уақытқа дейін сол әрекетімен «қолға түскен» сәті де тым сирек айтылады. Демек, құнудың әккілігінде шек жоқ.

Міне, қызық! Борис Щербаковтың тәжірибесінде адам айтса нанғысыз жайт көрініс берді. Қай жылдар екені белгісіз, құну аңшылар үйінде қабырғада ілулі тұрған мылтықтың өзін жасырып, ұн мен қантты шашып кетіпті.

– Осындай әрекеттерден кімді-кім аулағаны белгілі боп қалғандай, – дейді Борис Васильевич. – Тұяқты жануарларға да тісін батырғанды күн тәртібінен шығарған емес. Бабы келіссе бұланға да ауыз салады. Үйір қасқыр өлексені жеп жатқанда бір құнудың өзі айбат шегіп, қандыауыздарды әлгі жерден әп сәтте тықсырып шығады. Аязды күндері қатып қалған жануар өлексесін бытыр-бытыр шайнап, өті лезде қорытады. Бұл жерде жақ сүйегінің айрықша күштілігі айтылып тұр.

***

Тәжірибелі орнитолог жүріп өткен жолында құнудың тек ізін ғана кездестірген. Сонда олар Алтайдың қай тұсын мекендейді? Қарт саяхатшының сөзінше, Батыс Алтай, Катонқарағай аумағында бар. Ұзын-ырғасы көп те емес көрінеді. Көзіне түскендерді аңшылар атып алған. Негізінен қалың шоғырланған жері - тайганың баурайы.