Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

2154
көрілім

Ауғанстаннан әскер шығарылуының 32 жылдығына орай ШҚТУ жоғары IT колледжі студенттері Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті.

Ауғанстан аумағынан әскерлердің шығарылуы жыл сайын 15 ақпанда атап өтіледі, өйткені дәл осы күні 1989 жылы  Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің соңғы бөлімшелері Ауғанстан Демократиялық Республикасының аумағынан шығарылды. Ауған жауынгерлерінің қатарында ШҚТУ қызметкерлері де бар. Олар: Сергей Веселков, Нашым Оспанов, Валерий Роговский, Оразбек Буйкунов, Рашид Касымов, Владимир Затримайлов.

Владимир Затримайлов студенттерге өзінің басынан өткерген оқиғасын айтып берді.

- Өскеменнен әскерге 1974 жылы шақырылдым. Жарты жылдан соң Новосібірдегі жоғары әскери-саяси училищесіне оқуға түсіп,  1979 жылы оқу орнын бітірдім. Кейін 1980 жылы өз еркіммен интернационалдық борышты өтеуге аттандым. Ротадағы сарбаздардың барлығы сондай шешім қабылдады. Біз Ауғанстанға кірген алғашқы жауынгерлердің қатарында болдық. Шендан қаласы арқылы Кандагарға жетіп, сол жердегі әуежайды күзетіп, жауға қарсы тұрдық. Біздің 70 ротамыз жүзеге асырылған рейдтік операциялардың бәріне қатысты десем, артық болмайды.  Таулы аймақтарда да болдық. Сол жердегі Теренкот провинциясы ерекше есімде қалды. Тұрғындары аштыққа ұшыраған кезге тап болдық. Қорыққаннан біз алып келген астық өнімдерін қолымыздан алмайтын. Бірте-бірте біздің ешқандай қауіп төндірмейтінімізді түсініп,  көмегімізді қабылдады. Бір-бірімізге бауыр басып Теренкоттан кетер кезде, қоштасу қиын болды. Ротамызда 20-дан астам ұлт өкілі болған. Сондай қиын кезде достасып, бір-бірімзге қамқоршы бола білдік. Аман-есен елге оралып, қазір жыл сайын кездесіп, майданнан қайтпаған достарымызды еске аламыз, - деді Ауған ардагері. 

Кездесу барысында білім алушылар қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Ардагерлер өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, қазіргі жастарға бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отанды қорғауға дайын болуға шақырды. Кәсіподақ комитетінің белсенділері университет ұжымының атынан жауынгерлердің батылдығы мен батырлығы үшін зор құрметпен естелік сыйлықтар табыс етті.