Аягөз ауданында жанжалдасып қалған екі еркектің ерегісі пышақ сілтеумен аяқталды

1052
көрілім

Аягөз ауданында екі еркектің ерегісі пышақ сілтеумен аяқталды. Сол жақ өкпесі зақымданған жәбірленушіге ауыр дәрежелі дене жарақаты келтірілген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі

Аягөз ауданы, Ақтоғай кентінің екі тұрғыны арасында кикілжің туындаған. Ашуға булыққан жігіттердің бірі пышақ алып шығып, екіншісінің денесіне сілтеп жібереді. Осыған байланысты аудандық сотта қаралған сот ісінде 18 жастағы айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап:

Сөзге келмей қалған кезде ол мені бірнеше рет ұрып жіберген соң, жерге құлап қалдым. Осылайша оның аяғының астына жатып қалғанда пышақ алып шығып, оның денесіне сұғып алдым. Бұл әрекетім үшін шын жүректен өкінемін, – деп жауап берді.

Жәбірленуші оның бұл сөзін растап, сотталушыны кешіргенін, оған қояр ешқандай талап-тілегі жоқ екенін, сондықтан бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды сұрайтынын айтты. Сот үкімі бойынша, айыпталушы ҚР ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігімен кiнәлi деп танылды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.