Аягөзде бес қабаттық жатақхана қолданысқа берілді

608
көрілім

Аягөз қаласындағы Аягөз политехникалық колледжі студенттеріне арналған 104 орындық 5 қабатты жатақхана ғимараты қолданысқа берілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бүгін Аягөз қаласында ШҚО Білім басқармасының тапсырысымен Аягөз политехникалық колледжі студенттеріне арналған 104 орындық 5 қабатты жатақхана ғимаратының салтанатты ашылуы өтті. Естеріңізде болса, аталған жұмыс 2020 жылдың маусым айында басталған-тын.

- Жатақхана облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен, «Парыз» қоры арқылы және «Казминералз Ақтоғай» ЖШС-нің демеушілігімен салынған. Жалпы ауданы: 2902,56 шаршы метрды құрайды. Жатақхана құрылысын пайдалануға беру Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына және жаңажылдық мерекеге орайластырылған, - делінген аудан әкімдігі ұсынған мәліметте.

Жалпы Аягөз политехникалық колледжінде 390 студент оқиды. Жатақханада студенттерге арналған жиhаздар орналастырылған. Заман талабына сәйкес интернет желісі де енгізілген. Алдағы уақытта шалғай ауылдардан және көршілес аудандардан келген 104 студент осында орналасып, политехникалық колледжден білім алмақ.